Исатай ауданы бойынша 267 түлек мектеп бітіреді

2023-2024 оқу жылын 1-11 сыныптарда 320 сынып комплектісімен 5247 оқушымен бастаған ауданымызда  жалпы білім беретін 16 мектеп бойынша 5229 оқушы оқу жылын аяқтап отыр. Оның ішінде 11 орта мектепте 267 түлек мектепті тәмамдап, үлкен өмір көшіне ілеседі.

 ҰБТ-ның бірінші кезеңіне 244 оқушының өтініші, Ұлттық тестілеу орталығының базасына құжаттары қабылданды. Бұл туралы аудандық білімі бөлімінің сектор меңгерушісі Сағираш Беркалиева мәлім еткен болатын.

Үлкен өмірде өз таңдаған мамандықтарының иегерлері атануды ойлап, аппақ арман, биік мақсаттар жетегіне ілескен түлектер үшін де бұл өмірлеріндегі ең бір ерекше сәт десек артығы жоқ. Сол үшін де олар алдағы күткен сынақтардан сүрінбеуге шынайы дайындық үстінде. Осы ретте, аудандық білімі бөлімі сектор меңгерушісінің айтуынша, аталған түлектердің ішінде 10-ы «Алтын белгіге» үміткер болса, 9-ы «Үздік аттестат» иегерлері атанғалы отырғанын да айта кеткеніміз абзал.

Оқырмандар назарына бере кететін бір жайт, еліміздің Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, бүгін 24 мамырда республикамыз бойынша барлық мектепте 1-10 сынып оқушыларына «Білімім –Отаныма!» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Ал мектептердегі оқу мерзімі 25 мамырда аяқталып, түлектердің қатысуымен «Мектебім, саған мың алғыс!» аталған салтанатты іс-шара мектеп қабырғасында ұйымдастырылады.

 

Сағыныш ҚАЙЫР   

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521