"Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин Маңғыстау өңірінде өткен республикалық командалық айтыста бақ сынаған Амангелді Панабердіні қабылдады" деп хабарлайды "Нарын таңы".
Атыраулық команда республикалық жобаның алғашқы кезеңінде Маңғыстау облысы құрамасымен сынға түскен еді. Аталған додада атыраулық құрама сапында өнер көрсетіп, жерлестерінің сенімінен шыққан жергілікті айтыскер ақынға аудан басшысы Нұрым Мусин игі тілегін жеткізді.
-Ауданымыздан шығып, Атырау облысының намысын қорғау - үлкен жауапкершілік. Алда да абыройыңыз асқақтап, ұлттық өнерімізді өрістетудегі еңбегіңіз жана берсін. Өз атымнан және барша аудан халқы атынан айтыс өнерінің насихатталуына үлес қосып жүрген сізге шынайы алғысымды білдіре отырып, ұлттық өнерімізді дамытуда шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер тілеймін” – деген аудан әкімі ақынға алғысын айтып, құттықтау хатын табыстады.
Айта кетейік, республикалық жобада төрт айтыскер жыр додасының сүре, түре, қайым және өтірік өлең секілді түрлерінен сынға түссе, төрт өнерпаз жыр, терме, күй және дәстүрлі ән жанры бойынша бақ сынады. Сайыс нәтижесі бойынша командалық есепте ұпай айырмасымен маңғыстаулық команда келесі айналымға өтті.
Атыраулық құрамдағы 8 өнерпаздың 3-еуі Исатай ауданының тумасы. Олар - республикаға танымал дәстүрлі әнші Манарбек Дәулетов пен айтыскер ақындар ағайынды Серікбол-Амангелді Панабердиевтер.
Сағыныш ҚАЙЫР