Энергетика – ел өмірінің күретамыры. Қарапайым көзге көрінбегенімен, әр шаңырақтағы жарық пен жылудың, әр мекемедегі тынымсыз тіршіліктің артында энергетиктердің маңдай тері мен жауапкершілігі жатыр. Күндіз-түні ауа райына қарамай, апаттың алдын алып, үздіксіз қуат көзін қамтамасыз етіп жүрген сала мамандарының еңбегі қашанда құрметке лайық.
Осыған орай, Энергетиктер күні қарсаңында ауданымызда сала қызметкерлерін марапаттауға арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиын – адал еңбектің бағаланып, кәсіби біліктіліктің лайықты құрметке ие болған сәті болды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Нұрым Мусин сөз сөйлеп, энергетиктер қауымын кәсіби мерекемен құттықтады.
— Энергетика саласы – ел экономикасының ғана емес, әр отбасының күнделікті тұрмысының негізі. Бұл салада еңбек ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жарық пен қуатты үздіксіз жеткізіп отырған мамандардың еңбегі әрдайым жоғары бағалануы тиіс. Барша энергетиктерге зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілеймін,- деді аудан басшысы.

Мерекелік шара барысында салаға саналы ғұмырын арнаған ардагерлер мен үздік мамандарға марапаттар табысталды.

Аудан әкімінің Құрмет грамотасына «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының аудандық электр энергиясы мекемесінде 40 жылдан астам уақыт электрик болып еңбек еткен зейнеткер Ғалым Қойшекенов ие болды. Ұзақ жылдар бойы адал қызмет атқарған тәжірибелі маманның еңбегі – жас буынға өнеге, саладағы табандылықтың айқын үлгісі.

Сондай-ақ, энергетика саласындағы сіңірген еңбегі үшін Мейрам Сабетов пен Бибінұр Қадыркуловаға облыс әкімі Серік Шәпкеновтің Алғыс хаттары табысталды.

Шара барысында күнделікті қызметін жоғары жауапкершілікпен атқарып жүрген бірқатар сала қызметкерлері де назардан тыс қалған жоқ.

Электриктер, инспекторлар, әуе желі электромонтерлері – Нұрлыбек Амиров, Бисен Амиров, Бисен Меңдіғалиев, Абылай Жоламанов, Ерболат Сәуенов, Сапарғали Тілекқабылов, Жанат Жакашев, Айболат Батырбаев, Жеңіс Төленов, Нұрлыбек Құспанов, Сатжан Мақсот кәсіби еңбектері үшін құрметке ие болды.

Марапаттау рәсімінде сөз алған Ғалым Қойшекенов энергетика саласында өткізген жылдары өміріндегі ең жауапты әрі мәнді кезең болғанын атап өтті.
— Қырық жылдан астам уақыт осы салада еңбек етіп, елге жарық пен қуат жеткізу – мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі көрсетілген құрметке шынайы ризашылығымды білдіремін. Әріптестеріме және жас мамандарға зор сенім артамын,- деді ардагер энергетик.

Салтанатты жиын еңбек адамын ұлықтаудың, көзге көрінбейтін еңбектің бағалануының жарқын көрінісіне айналды.

Энергетиктердің тынымсыз қызметі – ел тынысының тұрақтылығы мен болашақтың берік негізі екені тағы бір мәрте айқындалды.

Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА


