Еркін әңгіме түрінде өткен кездесуге аудан аумағында қызмет атқарып жүрген кәсіпкерлер, кәсіпкерлікке ниетті жастар, аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпорын-мекеме басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Сонымен бірге шарада облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан келген Сәуле Төлегенова, «Қазсушар» РМК облыстық филиалынан Бейбіт Бисалиев және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның өкілі болды.
Кездесуді ашқан аудан әкімі Марат Мурзиев Елбасының биыл жолдаған «5 әлеуметтік бастама» атты үндеуіне сәйкес кәсіпкерлікті дамыту бағытында жасалып жатқан аудандағы оңды істерге тоқталды. Атап айтқанда, бизнес нысандары үшін салық төлеуден берілетін жаңа жеңілдіктер мен несие рәсімдеудің жеңіл де оңтайлы жолдары туралы айтты. Ал аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ризабек Жақсыбаев жасаған баяндамада аудан бойынша бүгінде 2105 кәсіпкерлік нысаны болса, соның нақты жұмыс жасап тұрғаны 1470 екенін атап өтті. Аталған белсенді емес кәсіпкерлік нысандарын жаңғырту, олардың жұмыстарына жан бітіру туралы айтқан аудан әкімі шараға қатысушылардың сұрақтарына да жауап берді.
Мәселен, мал шаруашылығы үшін аудан аумағындағы өзектер мен каналдарға су жіберу туралы жеке кәсіпкер Талғат Тастанбеков мәселе көтерсе, аққыстаулық жеке кәсіпкер Зәмза Мәмешова өз иелігіндегі «Тұрарбек» дүкенінің маңайын абаттандыру жөнінде аудан әкіміне сауалдар қойды. Сондай-ақ, Жанбай ауылында тіркелген «Қожа» шаруа қожалығының басшысы Марат Садықов құмдағы жеке шаруашылығы үшін жел генераторын сатып алу туралы, ал жас кәсіпкерлер аудан орталығындағы ауылшаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіндегі азық-түлік бағасын арзандату, Нарын ауылдық округіне қарасты Үштаған елді-мекенінде спутниктік телефон байланысын қалпына келтіру жайын қозғады.
Аудан әкімі жолданған сауалдарға бірқатарына жауап берді, шешімін таппай тұрған немесе алдағы уақытта шешілетін мәселелер бойынша жауаптар жазбаша берілетін болды.
Аслан МҰРАТҰЛЫ.