Ел үшін еткен еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Туған жердің дамуына үлес қосып, халыққа қалтқысыз қызмет еткен азаматты құрметтеу – қоғамның басты құндылықтарының бірі. Осындай тағылымды әрі мәнді кездесу бүгін ауданда өтті. Аудан әкімі Нұрым Мусин зейнеткерлік жасқа шығуына орай мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Ғаділ Махуұлы Боранбаевты арнайы қабылдады. Салтанатты шараға аудан басшылығы, мемлекеттік қызмет саласының өкілдері, ардагерлер мен әріптестер жиналды.

Кездесуде алғашқы сөз алған аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы Ғаділ Махуұлының еңбек жолына кеңінен тоқталды.
– Ғаділ Махуұлы – мемлекеттік қызметтің мәнін терең түсініп, халықпен етене жұмыс істеген тәжірибелі басшы. Аққыстау ауылдық округінің әкімі қызметін ұзақ жылдар абыроймен атқарып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосты. Оның еңбек жолы – жас мемлекеттік қызметкерлер үшін үлкен өнеге,-деді аудан әкімі.
Шара барысында мерейтой иесіне аудан әкімі құттықтау хат табыстап, иығына шапан жапты. Бұл – елге сіңірген еңбектің, халық алдындағы абыройдың белгісі.
Кездесу барысында аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин де сөз сөйлеп, Ғаділ Махуұлының азаматтық болмысы мен басшылық қырына ерекше тоқталды.

– Ғаділ Махуұлы – ауылдың тыныс-тіршілігін, халықтың мұң-мұқтажын терең түсінетін, елмен бірге өмір сүрген азамат. Ол қандай қызмет атқарса да, ең алдымен халықтың мүддесін биік қойды. Ауылдың әрбір мәселесіне бейжай қарамай, елдің бірлігі мен берекесіне қызмет етті. Осындай азаматтардың еңбегі ешқашан ұмытылмайды, – деді төраға.
Сондай-ақ сала ардагерлері мен әріптестері де естеліктерімен бөлісіп, Ғаділ Махуұлының адамгершілік қасиеті, іскерлігі мен қарапайымдылығы туралы жылы лебіздерін білдірді.

Ғаділ Махуұлының өмір жолы – қарапайым ұстаздықтан басталып, елдік мүддеге ұласқан тағдыр. Ол 1984 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын дене тәрбиесі мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Аққыстау орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып бастады. Жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде жинаған тәжірибесі оны білім саласындағы жауапты қызметтерге жетеледі. Октябрь орта мектебінде ұстаздық етіп, кейін аудандық әдістемелік кабинетте әдіскер, меңгеруші болып қызмет атқарды. Аққыстау орта мектебінің директоры ретінде білім ордасының тынысын жандандырып, ұжым мен оқушыға бірдей талап қоя білетін басшы ретінде қалыптасты. Кейінгі жылдары оның еңбек жолы мәдениет пен білім саласында жалғасып, бірнеше мектеп пен мәдениет ошақтарына басшылық етті. Бұл кезеңдер Ғаділ Махуұлының ұйымдастырушылық қабілетін шыңдап, адаммен жұмыс істеудің, ұжыммен тіл табысудың үлкен мектебіне айналды. Өндірістік саладағы қызметі де оның тәжірибесін тереңдетіп, басқарушылық көзқарасын кеңейтті. Алайда оның тағдыры ауыл басқаруымен ерекше астасып жатты. Аққыстау ауылдық округінің әкімі қызметіне алғаш келген сәттен бастап ол ауылдың әрбір мәселесіне бейжай қарамады. 2017 жылдан бастап 2025 жылғы шілде айына дейін Аққыстау ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған жылдар – оның өміріндегі ең жауапты әрі мазмұнды кезеңдердің бірі болды.

42 жылдық еңбек өтілі бар Ғаділ Махуұлы мемлекеттік қызмет саласында қажырлы еңбек етіп, екі мәрте ауыл әкімі қызметін атқарды. Жалпы алғанда, 12 жыл бойы әкімдік қызметте болып, Аққыстау ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосты.

Ардагердің саналы ғұмыры мен елге сіңірген еңбегі – туған жерге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның өмір жолы кейінгі буынға бағыт-бағдар, мемлекеттік қызметтің мәртебесін айқындайтын өнегелі мектеп болып қала бермек.

Өз тілшіміз




