Бала болашағының жарқын болуы – бүгінгі күнгі тәрбие мен білім беру жүйесінің сапасына тікелей байланысты. Бұл ретте мектептің алатын орны айрықша. Себебі бала алғаш қоғамдық ортаға бейімделіп, тұлғалық қалыптасуы басталатын орта – мектеп. Сондықтан мектептің қауіпсіз әрі жайлы болуы – әрбір баланың бақыты мен еркін дамуының негізгі кепілі саналады.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин Өркен орта мектебінде «Қауіпсіз бала – бақытты бала» тақырыбында өткен кездесу шарасына арнайы барып, оқушылармен жүздесті. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов, мәслихат депутаты Ақмарал Тахаева, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева да қатысты. Сондай-ақ, шара барысында алдымен аудандық оқушылар үйіндегі "Бейнелеу өнері және қолөнер" үйірмесі оқушыларының қатысуымен көрме ұйымдастарылды.Шара қонақтары қол өнер шеберлерінің жұмысымен танысып, риза болысып,оң бағасын берді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың ой-пікірін тыңдау, қауіпсіздікке қатысты мәселелерді бірге талқылау, олардың мектептегі көңіл-күйі мен жағдайын білу. Кездесу барысында аудан басшысы оқушылармен ашық диалог форматында сөйлесіп, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді.
– Мектеп – бұл жай ғана ғимарат немесе мекеме емес. Бұл – баланың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін өмірлік маңызды орта. Қауіпсіз ортада өскен бала өзін еркін әрі сенімді сезінеді. Сабаққа ынтамен қатысады, ойын ашық жеткізеді, өз ортасында белсенді болады. Мұндай бала – болашақта жауапты азамат, сенімді тұлға, елінің дамуына үлес қосатын жанға айналады,-деді Нұрым Мусин өз сөзінде.
Кездесу соңында мектеп директоры Лора Мұхтарова:
– Қауіпсіз мектепте оқитын бала өзін бағалайды, өзгеге құрметпен қарайды, армандарына сенеді. Мұндай ортада баланың жан-жақты дамуына жол ашылады,-дей келе, кешті қорытындылады.
Аудан әкімінің бұл бастамасы – балалардың қауіпсіздігіне, олардың ой-пікірімен санасуға бағытталған игі қадам. Өйткені баланың қауіпсіздігі – бір ғана мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ата-ана, мұғалім, билік өкілдері жұмыла әрекет еткенде ғана біз «Қауіпсіз мектеп – бақытты бала» қағидатын шын мәнінде жүзеге асыра аламыз.\
\Сағыныш ҚАЙЫР