Бүгін аудан әкімі Нұрым Мусин халықаралық және республикалық деңгейде жеңіске жеткен үздік оқушыларды қабылдады.
Жиын барысында аудан басшысы жас буынның білімге деген ұмтылысы мен отаншылдық қасиеттерін жоғары бағалап, олардың жетістіктері бүкіл аудан үшін үлкен мәртебе екенін айтты. Кездесуге аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева және ұстаздар мен ата-аналар да қатысты.
Ақтөбе қаласында өткен халықаралық «Айбын-2025» әскери-патриоттық жиынына қатысып, оза шапқан Асылболат Болат пен Зиенғали Гүлайым сынды мектеп-гимназия оқушылары, сондай-ақ олардың жетекшісі Алишер Сұлтан аудан әкімінің алғысына ие болды.
Сондай-ақ, Тараз қаласында өткен «AUYL GUP 1» ұлттық пікірсайыс турнирінде ІІ орын алған Новобогат мектебінің оқушысы Өтепқали Жігер мен мектеп-гимназиядан Уәлижан Альмираның жетістігі де атап өтілді.
Жетекшілері ұстаз Нұрсұлтан Мұхамбетқалиев.
Басқосуға Зинеден ауылынан шыққан, Ю.Гагарин мектебінің түлегі, «Дарын» телевизиялық жобасының жеңімпазы атанған Армат Чапай да шақырылды.
Шалғайдағы Зинеден ауылынан түлеп ұшқан жас дарын жуырда ғана Ұлттық бірыңғай тестілеуден 112 балл жинап, болашақта хирург-дәрігер болуды армандайды. Оның тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, бағыт-бағдар беріп жүрген әкесі Айсабек Сүлеймен аудан басшылығына ризашылығын жеткізді.
– Балам Армат – кішкентайынан ізденімпаз, тиянақты болды. Біз шалғайда тұрсақ та, білім алуға деген құштарлығын әркез қолдауға тырыстық. Сабақтан тыс уақытта да қосымша кітаптар оқып, түрлі олимпиадалар мен байқауларға өз еркімен қатысып жүрді. Әке ретінде балама бағыт беріп, барынша қолдау көрсетуге тырыстым. Отбасымызда тәрбиенің негізі еңбек пен білім. Анасы ауыл мектебінде мұғалім болғандықтан, үйде білім мен тәртіпке ерекше мән береміз. Арматтың арманы адам жанына араша болатын дәрігер болу. Қаншама баланың болашағы ауылдан басталып жатыр,-деген ол оқитын балаға ештеңе кедергі еместігін ашық айтты.
Аудан әкімі жастардың бұл жетістіктері –тек олардың ғана емес, ұстаз бен ата-ананың еңбегінің жемісі екенін атап өтті. Осындай білімді, саналы ұрпақтың арқасында ел болашағына сеніммен қарауға болатынын жеткізді.
Сағыныш ҚАЙЫР