Жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шыршасы бұл жолы мектеп-гимназияда өтті. Жаңажылдық әрленге әсем шырша аталған мектептің акт залында құрылып, аяз ата мен ақшақар көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік шараға 40 бүлдіршін қатысты.Балалардың қуанышына аудан әкімі Нұрым Мусин ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
-«Еліміздің жарқын болашағы, ата-аналарыңның бақыты мен қуанышы да өздерің. Жалпы, өскелең ұрпақтың азамат болып,жақсы білім алуы бұл тек ғана әкімдіктің немесе ұстаздың міндеті ғана емес.Ол жалпы ұлттық міндет.Соның ішінде білім ордасы мен ұйымдарының техникалық базасын жақсарту осы атқарушы биліктің негізгі міндеттерінің бірі болып есептеледі.Былтырғы жылы жаңа жылдық кеш Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепте қарсы алса, биыл мына пайдаланғанына көп болмаған осы мектеп-гимназияда қарсы алып жатыр.Алдағы уақытта отанды қорғайтын, ата-ананы сыйлайтын,ұстаздарын қадірлейтін толық азамат, білімді ұрпақ болып қалыптасу керек. Ал, жаңа жылымыз құттыболсын! Әрқашан, ата-аналарыңызды қуантып, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар! Бүгінде жасампаз істердің барлығы сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалуда. Келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын»- деп мерекелік лебізін білдірді.
Осылайша, аяз ата мен ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған бүлдіршіндер ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салды.Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті. Мерекелік шара соңында балаларға тәттілер үлестірілді.
Сағыныш ҚАЙЫР