Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенция ережесіне сәйкес жыл сайын 25 қарашада Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсетуді жою күні аталып өтетіні баршамызға белгілі.
Бұл күн әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдыр-мауға және жолын кесуге, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының, оның ішінде әйел-ананың рөлін нығайтуға, сондай-ақ, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Осыған орай мемлекеттің қабылдап жатқан шараларын жергілікті тұрғындарға кеңінен таныстыру мақсатында 25 қараша – 10 желтоқсан аралығында аудан көлемінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік!» атты акциясы өткізіледі.
Акцияға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар қызметкерлерімен бірге жұртшылық, ауылдық округтер мен салалық бөлімдер басшылары қатысады. Акцияны өткізу барысында кәсіпорындарда және білім беру ұйымдарында отбасылық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу жөнінде іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Аудан аумағындағы адамдар көп жиналатын орындарға көрсетілген тақырыпта билбордтар мен плакаттар орнатып, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі жадынамалар мен буклеттер тарату ұйымдастырылады. Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің профилактикалық есебінде тұрған отбасыларының мекен-жайлары тексеріліп, олармен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы түсінік жұмыстары жүргізілетін болады.
Ұлжан ҚАДЫРОВА,
Исатай аудандық полиция бөлімінің жергілікті
полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы,
полиция капитаны