Аудан құрамасы облыстық футбол лигасының қола жүлдегері

 

Футбол алаңы – жігер мен қайсарлықтың, табандылық пен намыстың сыналар төрі. Биылғы екі айға созылған облыстық әуесқойлар лигасы осының айқын дәлелі болды. Он бір команданың арасында бақ сынаған аяқдопшылар өз шеберліктерін паш етіп, дода тартысты ойындармен өрнектелді. Сол аламанға аудан намысын арқалап шыққан Исатай құрамасы да ерекше өнерімен көзге түсіп, жүлделі үшінші орыннан көрінді.

Жалынды жастардан құралған команда 10 кездесу өткізіп, оның алтауында жеңіс тойын тойлады. Бір ойында тең түскен жерлестеріміз қалған төрт ойында қарсыластарына есе жібергенімен, жігерін жасырып, мәреге абыроймен жетті. Осылайша, аудан футболының тарихына қола медальмен енген қуанышты сәттің куәсі болдық.

Айтулы турнирде аудан спортшыларының бірі, тәжірибелі ойыншы Серік Рауан да жанкештілігімен дараланып, «Лиганың үздік қорғаушысы» атанды.

 

 

— Алтын алуға шамамыз жетпесе де, қол жеткізген қола – біздің алдағы асуларға бастайтын алғашқы қадамымыз. Себебі лигада біз – ауданнан шыққан жалғыз команда болдық. Ал қалған қарсыластарымыз облыс деңгейінде талай сыннан өткен мықтылар еді. Соған қарамастан, жастарымыздың жігері мен бірлігі арқасында осы нәтижеге қол жеткіздік. Әлі талай белесті бағындырамыз деп сенемін,-дейді команда жаттықтырушысы Бақытжан Шартиков.

Аудандық лигада шыңдалып, арнайы іріктеуден өткен спортшылардың бір-біріне деген сенімі мен ынтымағы бұл жетістікке жол ашты. Намысты қолдан бермеген жастарымыздың жеңісі – тек қана спорттық жетістік емес, ауданымыздың мақтанышы.

Исатайлық аяқдопшылардың бұл тарихи табысы – жас ұрпаққа үлгі, алдағы жеңістерге бастар жарқын белес. Біз де жүрек жарды құттықтауымызды жолдап, жеңімпаз жігіттерімізге спортта да, өмірде де тек жеңіс тілейміз!

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT