Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай «Жалын» мәдениет үйінде салтанатты шара өтті.
Мерекелік жиын «Ақ қайың» би тобының орындауындағы «Сарбаздар» биімен басталды.
Одан соң шараның құрметті меймандары ауданымыздағы Ауған соғысы ардагерлеріне құрметпен гүл шоғы ұсынылып, көпшілік ортамызда жоқ жерлестеріміз бен ауған жерінде қаза болған жауынгерлер рухын 1 сәт үнсіздікпен еске алды.
Айта кетейік, ауданымыздан 11 азамат Кеңес әскері құрамында ауған жеріндегі соғысқа қатысқан. Кездесуге, сондай-ақ, дүниеден озған ауған соғысына қатысушылар Жумат Абуовтың зайыбы Қалима Сәрсенгалиева мен Әлімғали Мұқановтың зайыбы Айбарша Сыралиева қатысты.
Шараның алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежанға берілді. Қасіретті жылдарда Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, антына адалдық танытқан жерлестеріміздің ерліктері ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде үлгі-өнеге екендігін айтқан аудан әкімінің орынбасары сөз соңында облыстық ауған соғысы ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғабиден Қайыржановқа, дүниеден озған ауған ардагері Абуов Жұмат Тілепбергенұлының зайыбы Калима Сарсенғалиева мен Әлімғали Мұқановтың зайыбы Айбарша Сыралиеваға аудан әкімінің алғыс хаты мен гүл шоғын табыс етті.
Одан соң облыстық ауған соғысы ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғабиден Қайыржанов сөз алып, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Жиын одан әрі аудандық мәдениет үйінің ұйымдастырған концерттік бағдарламасына ұласты. Әскери әндер шырғалған шарада өнерпаздар тақырыпқа сай сахналанған қойылымдар ұсынып, жүректе жазылмас жарасы қалған отты жылдарды көптің көз алдына әкелді.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ