«Жастар. Жаңғыру. Жетістік» атты аудандық жастар форумын аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі жанындағы «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды.
Форум шымылдығын аудан әкімі аппаратының басшысы Арманбек Махмутов ашып, қатысушыларды атаулы күнмен құттықтады. Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген белсенді жастарға аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.
Марапат иелері қатарында мемлекеттік қызмет, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының жас мамандары бар. Марапат легін аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Асхат Жұмабеков жалғастырды. Ол жастар саясатын дамыту мен қоғамдық бастамаларды қолдауда еңбегі еленген бірқатар жас маманға – білім және спорт саласының өкілдеріне, кітапханашыға, теміржолшыға, энергетикке және шекара қызметкеріне аудандық мәслихаттың Алғыс хатын табыстады.
Марапаттау рәсімінен кейін форум негізгі мақсатына көшті – жастарға білім, тәжірибе және шабыт беретін ашық диалог алаңы басталды. Арнайы шақырылған спикерлер әрқайсысы өз тақырыбы аясында 10-15 минут көлемінде мазмұнды ойларын ортаға салды. Аудандық «Нарын таңы» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Жайна Мәлімқожа жас ұрпақтың бойындағы көшбасшылық қасиетті дамыту мәселесін көтерді.Ол көшбасшы болу – тек атақ немесе мансап емес, ең алдымен жауапкершілік пен мақсаттылық екенін атап өтті.Сондай-ақ, ол жастарды өзіне талап қоя білуге, бастамашыл болуға және қоғамға нақты үлес қосатын жобаларға араласуға шақырды.
Содан соң аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Айнұр Ерғалиева психологиялық сауаттылықтың заманауи қоғамдағы маңызын түсіндірді.
Ол жастардың күйзеліске қарсы тұруы, эмоцияларын басқаруы және өз-өзін дамытуы – тек жеке өмірі үшін емес, кәсіби жетістігі үшін де маңызды екенін айтты.
– Психологиялық сауаттылық – адамның өмірлік бағыт-бағдарын айқындайтын компас. Өз эмоцияңды түсіну, өзгемен дұрыс қарым-қатынас құру, стрессті басқару – бұларсыз ешбір білім мен біліктің шынайы пайдасы болмайды,-деді спикер.
Ол тыңдаушылармен тікелей байланыс орнатып, қарапайым психологиялық жаттығуларды бірге орындап көрді. Сондай-ақ, Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты Айгүл Қуаныш мемлекеттік қызметшінің беделі мен имиджін қалыптастырудың қыр-сырына тоқталды.
– Жеке бренд – бұл жай ғана сыртқы көрініс емес. Бұл – сіздің жұмыстағы сенімділігіңіз, кәсіби біліміңіз және халықпен қарым-қатынасыңыздың мәдениеті. Мемлекеттік қызметші халықтың сенімін тек сөзбен емес, іспен де ақтауы тиіс,-деді ол.
Ол өз сөзінде уақытты тиімді пайдалану, өзін-өзі дамыту және кәсіби этиканы сақтау жолдарын нақты мысалдармен түсіндірді.Ал «Жүректен Жүрекке» қоғамдық қорының және «JerEcoHub» жобасының жетекшісі Асель Гумарова экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Ол қоршаған ортаны қорғау – тек арнайы ұйымдардың ғана емес, әр азаматтың борышы екенін айтты.
Жас тыңдаушыларды экологиялық жобаларға қатысуға және жергілікті табиғатты қорғауға белсенді шақырды. Мәскеудегі «Риторика және шешендік өнер» университетінің жетекші жаттықтырушысы, «Қазақша Quiz 1000» жобасының авторы Нұрлан Азаматов зияткерліктің жеке тұлға дамуына әсерін ерекше атап өтті.
Ол ойды жүйелі жеткізу, көпшілік алдында сөйлеу дағдысы және ақпаратты талдай білу – әр жастың өмірлік табысының негізі екенін айтты.
Жалғасы газеттің №32 (4245) санында