Ауданда ерекше балаларға арналған жаңа орталық ашылды

Суреттер автордікі

 

Бүгін  ауданымызда тағы  бір маңызды нысан – тағдыры нәзік жандарға арналған ғимараттың тұсауы кесілді,– деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел көлемінде ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау – басты басымдықтардың біріне айналған. Бұл бағыттағы жұмыстар Исатай ауданында да жүйелі жүргізіліп жатыр. Жалпы әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясат мүгедектігі бар балалардың қоғамға мейлінше ықпалдасуы үшін қолжетімді жағдай жасауға бағытталған.

 

 

Осы орайда Исатай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінің «Жартылай күндізгі  стационарлық үлгідегі ұйымның күндіз болу бөлімшесіне» жаңадан ғимарат берілді. Осыған дейін ескі әрі тар ғимаратта орналасқан мекеменің ендігі тынысы кеңейіп, келушілер үшін де, қызметкерлер үшін де қолайлы орта жасақталды.

 

 


Жаңа орталықтың ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы бұл игі істің маңыздылығына тоқталып, тұрғындарды құттықтады.

-Құрметті аудан тұрғындары, қадірменді ата-аналар. Аталған мекеме бұрыннан бері жұмыс жасап келе жатқанымен, осы күнге дейін ескі және тар ғимаратта отырғаны баршамызға мәлім. Ерекше балаларымыздың жағдайын жасау мақсатында облыс басшылығынан қолдау тауып, типтік үлгідегі дайын мекемені сатып алуға мүмкіндік туындады. Экологиялық жағдаймызға байланысты ерекше балалардың көбеюі әрине жанымызға бататыны сөзсіз. Алайда олардың да қоғамның бір мүшесі екенін сезініп, бар жағдайын жасау өзіндік  міндетіміз деп есептеймін, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

 

 

Ауданымыздың «Құрметті азаматы» Сыдихов Қожантай және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Насимуллин Ерболат ағаларымыз да өзіндік ізгі-тілектерін жеткізіп, балаларымызға өз мейрімін аямаған бөлім қызметкерлеріне шынайы ризашалығын білдірді.

 

 

Мекеменің қызыл лентасын қию құрметіне ардагер Сыдихов Қожантай және медицина саласының ардагері Сәуле Мұратқызы ие болды.

 

 

Жаңа нысанды аралап шыққан қонақтар орталықтағы барлық арнайы бөлмелерді аралап, ерекше мұқтаждығы бар балаларды оңалту қалай жүргізілетінін өз көздерімен көрді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінің басшысы Гулжан Джумалиеваның айтуынша, ғимарат барлығы 12 кабинетпен жасақталған.

 

 

Атап айтқанда, логопед, психолог, дефектолог, дәрігерге дейінгі қабылдау, еңбек терапиясы, емдік дене шынықтыру, сылап-сипау (массаж), оқшаулау, мәдени шаралар ұйымдастыру бөлмелері және тағы басқа кеңістіктер өз міндетіне сай жабдықталған.

 

 

Мекеменің басты мақсаты – 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнаулы әлеуметтік және оңалту қызметтерін көрсету. Балалардың дамуына, әлеуметке бейімделуіне ықпал ететін бұл орталық – ата-аналар үшін де үлкен демеу болмақ.

 

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT