Ауданда көп балалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» табысталды

суреттер автордікі

 

Ана – өмірдің бастауы, берекенің тұтқасы. Ел болашағының іргетасы аналардың мейірімі мен тәрбиесінде жатқанын ұмытпау – қоғамның басты парызы. Осыған орай кеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында көп балалы аналарды марапаттау рәсімі өтіп, атаулы сәт елдің рухын көтеріп, ерекше қуанышқа ұласты.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 25 тамыздағы №974 Жарлығына сәйкес ауданымыздағы 8 ана мемлекеттік наградаға ие болды. Олардың ішінде 2 ана – «Алтын алқамен», ал 6 ана – «Күміс алқамен» марапатталды. Бұл марапаттар – тек қана бір отбасының қуанышы емес, бүкіл елдің демографиялық әлеуетін нығайтудағы аналардың еңбегін бағалаудың көрінісі.

Жиын барысында аудан әкімі Нұрым Мусин аналарды құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.

– Әр адамның арманы – баласын биіктен көру. Сіздер тәрбиелеп отырған ұл-қыздар – ертеңгі елдің патриоты, мемлекетіміздің сенімді тірегі. Аналардың еңбегін бағалау – мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың айқын дәлелі. Аналық еңбектеріңіз үшін ризашылығымыз шексіз. Баршаңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, – деген ол көп балалы аналарды наградтады.

 

 

Атап айтсақ, олар жеті және одан да көп бала тәрбиелеген Айман Әубәкірова мен Шарафат Саматова «Алтын алқаны» иеленсе, алты баланы бағып-өсірген Маншук Бисенгалиева, Айнұр Жұппаева, Бибінұр Муханалиева, Данагүл Мұхтарова, Жазгүл Нажмеденова, Сымбат Сабырова «Күміс алқамен» марапатталды.

 

 

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанұзақов, әкім аппаратының басшысы Арманбек Махмутов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин, қоғамдық кеңес төрағасы Самат Есенов, сондай-ақ аналар кеңесінің төрайымы Нүрия Хайдарова қатысты.

Аналар кеңесінің төрайымы Нүрия Хайдарова да көпшілік атынан сөз алып, қуанышын жеткізді.

– Айтуға оңай болғанымен, баланы өмірге әкеліп, өсіру үшін ең алдымен ананың денсаулығы мықты болуы шарт. Дені сау анадан – дені сау ұрпақ дүниеге келеді. Сондықтан аналарымызға ең бастысы амандық пен ұзақ ғұмыр тілеймін. Ауданымыздың демографиясы өсе берсін! – деді ол өз сөзінде.

 

 

Жиын соңында марапат иелері бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, елдің тыныштығына шүкіршілік етті. «Күміс алқа» иегерлері болса, бұл марапаттың әрі қарай «Алтын алқаға» ұласарына сеніммен қарады. Көп балалы отбасы – елдің демографиялық қуаты, ұлттың болашағы. Марапатталған аналардың тағдыры – жас ұрпаққа өнеге, елдің рухани байлығы

 

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT