Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті камералдық бақылау аясында мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне мониторинг жүргізіп келеді. Бұл бақылау бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Айталық, Исатай ауданында өткен жылдың алғашқы алты айында 253,4 млн теңгеге 69 мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізілген. Биыл бұл көрсеткіш 859,4 млн.теңгеге жетіп, айтарлықтай өсім байқалып отыр.
Талдау көрсеткендей, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сатып алулар көлемі артқан. Бұл – өтінім қабылдау, қарау және шешім қабылдау мерзімдерінің қысқаруы нәтижесінде мүмкін болды.
Мемлекеттік сатып алулар саласындағы заңнамадағы өзгерістер тек рәсімдерді оңтайландырып қана қоймай, ауылдық деңгейдегі нақты ілгерілеулерге де жол ашты. 2024 және 2025 жылдардың алғашқы жартыжылдығындағы көрсеткіштерді салыстыру арқылы бұл реформалардың ауылдық округтерде қалай жүзеге асып жатқанына көз жеткізуге болады.
Мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заң – тек заңнамалық құжат қана емес, ол мемлекеттік басқару жүйесінде ашықтықты, әділеттілікті және бизнесті қолдауды мақсат еткен реформаның жарқын көрінісі. Мемлекет пен кәсіпкерлік арасындағы сенімді арттыру, өңірлік экономиканы дамыту, бюджеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету – осы реформаның басты нәтижелері болмақ.
Талғат МАҚСҰТОВ,
Атырау облысы бойынша
ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары