Ауданда мұнай-газ саласының үздіктері марапатталды

Елімізде қыркүйектің алғашқы жексенбісінде мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні дәстүрлі түрде аталып өтеді. Бұл күн – жер қойнауынан байлық өндірумен қатар, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбек майталмандарына деген құрметтің белгісі. Осыған орай Исатай ауданында да сала мамандарына арналған салтанатты қабылдау өтіп, аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов өңірдің мұнай-газ шаруашылығында аянбай тер төгіп жүрген қызметкерлерді қабылдады.
Жиында алғашқы болып сөз алған Нұрберген Утегенов мұнай-газ саласының мемлекет үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
 
— Мұнай-газ саласы – еліміздің экономикалық дамуының басты тіректерінің бірі. Бұл саладағы әрбір еңбек адамы халықтың тұрмысының жақсаруына, өңіріміздің өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген барша мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын,-деді ол.
 

Кәсіби мереке аясында сала ардагерлері мен үздік қызметкерлердің еңбегі лайықты бағаланып, құрметке бөленді. Бұл марапаттар – тек жеке адамдардың еңбегіне берілген баға ғана емес, тұтас мұнай-газ саласының абыройын айшықтаған ортақ мерей болды.

Осы күні Хамитов Нұрбол  облыс әкімінің орынбасарының Алғыс хатына ие болып, өңірлік деңгейде еңбегі еленді. Ал жас та болса, табандылығымен көзге түсіп жүрген Жұмағалиев Арман мен Бозахаев Нұрбергенге облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының Алғыс хаттары табысталды. Бұл – олардың саладағы тыңғылықты еңбегі мен кәсіби біліктілігінің айғағы.

Сондай-ақ, аудан көлемінде көп жылғы адал қызметімен ерекшеленген Қаржак Тілекқабылұлына аудан әкімінің Алғыс хаты тапсырылып, жергілікті деңгейдегі еңбегіне лайықты құрмет көрсетілді.

Мұнай-газ саласы қызметкерлеріне берілген бұл марапаттар – олардың күнделікті маңдай тер, ерен еңбегінің жемісі, өңірдің өркендеуіне қосқан үлесінің айқын дәлелі іспетті.

Сонымен бірге аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов те құттықтау сөз сөйлеп, Жетпісбаев Иса мен Заитов Бақтыбайға арнайы марапат тапсырды.
 
Ал «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалы Исатай газ шаруашылығы басшысының міндетін атқарушысы Ерлан Бисенғалиев облыстық филиал атынан бірнеше қызметкерді Алғыс хатпен марапаттады.
 
 
Жылы ықылас пен шынайы ризашылыққа толы басқосу соңында еңбек адамдарына ізгі тілектер айтылып, олардың адал еңбегі аудан жұртшылығының құрметіне бөленді.
 
Еркебұлан Зинеденов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT