Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жыл үздігі – 2025» жастар премиясы өтті. Бұл – аудан жастары үшін жыл бойғы еңбектің нәтижесін қорытындылайтын маңызды әрі мазмұнды кеш болды.
Бүгінде Исатай ауданында 14 пен 35 жас аралығында 8 500-ге жуық жас бар. Олар ауданның қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық өміріне белсене араласып, жастар саясатын дамытуға өз үлестерін қосып келеді.

Атап айтқанда, рухани-танымдық кездесулер, қайырымдылық акциялары, облыстық семинар-тренингтер мен форумдар, поэзия және акустикалық ән кештері, жас ақындар мүшайрасы, Isatay QUIZ интеллектуалдық ойындары, ұлттық ойындар, келіндер сайысы, сондай-ақ футбол, волейбол, жүгіру марафоны, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат сынды спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

Осындай мазмұнды жұмыстардың нәтижесінде салтанатты кеште 8 сала бойынша үздік жастар анықталып, марапатталды.
Аудан әкімі Нұрым Мусин жастарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
— Жыл бойы жақсы нәтижелер көрсеткен жастарымызды ынталандыру мақсатында бұл шараны өткізіп отырмыз. Ауданда салынып жатқан мәдени және спорттық нысандардың барлығы – жастардың игілігі үшін. Жыл басынан бері ауданда өткен 150ге жуық мәдени және спорттық іс–шараға 4мыңнан аса жас қатысты.Бұл барлығы да жастар үшін жасалып жатқан жұмыстар.Жастар – еліміздің ертеңі, — деді аудан басшысы.

Шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Арманбек Амантайұлы, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ринат Набидоллаұлы, Өнер мектебі мен Ш.Шәріпов атындағы саз мектебінің басшысы Ербол Бауыржанұлы, Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдәулет Серікқалиұлы және де мекеме қызметкерлері қатысты.

Осылайша сол кеште «Жыл үздігі – 2025» иегерлері марапатталып, сыйлықтар табыс етілді.

Атап айтсақ, әлеуметтік кәсіпкер, дефектолог Назерке Құрмантайқызы – үздік волонтер, Абай атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Еламан Әнесұлы – Үздік әмбебап спортшы, Отбасы қолдау орталығының маманы Данабек Ғадылбекұлы – Үздік интеллект,
«Isatai Run» клубының қалаушысы Бекзат Қуандықұлы – үздік марафоншы, Мектеп–гимназияның дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Гүлжауһар Мерекеқызы –Үздік белсенді жас, Исатай аудандық Нарын таңы газетінің тілшісі –Сағыныш Сайлаубайқызы –
Үздік жас қаламгер, аудандық Жалын мәдениет үйінің әншісі Нұрдәулет Ыбырайұлы – үздік өнерпаз, әуе желісінің электро монтері Бекзат Нұрсейітұлы–Үздік жас жұмысшы атанды.

Сондай-ақ «Үздік интеллект» аталымының иегері Данабек Бапанов пікір білдіріп, ауданда интеллектуалдық ортаның қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
— Бұл марапатты жеке жетістігім емес, аудан жастарының білімге деген ұмтылысының нәтижесі деп білемін. Quiz ойындары жастардың ой-өрісін кеңейтіп, командамен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастырады. Алдағы уақытта облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға дайындықты күшейту қажет, — деді ол.

Қорытындылай келе, Исатай жастары қоғамның қозғаушы күші ретінде тың идеяларымен, белсенді бастамаларымен ел дамуына үлес қоса бермек.
Сағыныш ҚАЙЫР


