Исатай ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық ардагерлер кеңесінің есептік жиыны өтті. Бұл маңызды басқосу ардагерлердің өткен кезеңдегі қоғамдық қызметін саралап, алдағы бағыт-бағдарын айқындауға арналды.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Маштаховтың жетекшілігімен жүзеге асқан жұмыстарға жан-жақты талдау жасалды. Ұзақ жылдар бойы ардагерлердің үнін жеткізіп, қоғаммен тығыз байланыс орнатуда аянбай еңбек еткен Жансих Маштаховтың еңбегі кеңінен айтылды.
Аудан әкімі Нұрым Мусин, облыстық ардагерлер кеңесінің хатшысы Мәлік Әбілқайыров пен бірқатар ардагерлердің қатысуымен өткен жиын мазмұнды пікірталас алаңына айналды. Қоғамдық мәселелер сөз болып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Қонақтар аудандық кеңестің белсенділігіне жоғары баға беріп, ардагерлердің жастар тәрбиесіндегі орнына тоқталды.
— Жансих Маштахов – елге сыйлы, өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы азамат. Ол аудандық ардагерлер кеңесін жылдар бойы табысты басқарды. Еңбегі елеулі. Енді бұл жауапты міндетті Ерболат Насимуллин жалғастырады. Ол да қоғам белсендісі, өз замандастарының сеніміне ие азамат. Ардагерлер қозғалысының жалғасы ретінде сенім білдіреміз, – деді Мәлік Әбілқайыров.
Жиын барысында Жансих Маштаховтың Атырау қаласына қоныс аударуына байланысты, кеңес төрағалығына жаңадан сайлау өтті. Делегаттар бірауыздан Ерболат Насимуллиннің кандидатурасын қолдап, оны аудандық ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы етіп сайлады.
Аудан әкімі Нұрым Мусин ардагерге деген шынайы құрметін жеткізіп, Жансих Маштаховқа өз атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің хатшысы Мәлік Әбілқайыров ардагерді «Ел ағасы» төсбелгісімен марапаттап, иығына шапан жапты. Бұл – ұзақ жылғы адал еңбекке берілген жоғары баға еді.
Ендігі үміт – ардагерлердің даусын естірте алатын, қоғам өміріне белсене араласатын жаңа төрағада. Ардагерлер қозғалысы үзілмей, жаңа серпінмен жалғаса беретініне сенім зор.
Сағыныш ҚАЙЫР