Астана төрінде өткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру биыл айрықша сән салтанатпен аталып өтті. Ел жүрегінде ұйымдастырылған бұл тарихи шараға бес мыңға жуық сарбаз қатысып, Қазақстан Қарулы күштерінің қуаты мен қауқарын паш етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шеру қатысушыларын және бүкіл елді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, батырлар рухына тағзым етті. Әскери шеруге жиылған көпшілік сарбаздардың сап түзеген салтанатын толқыныспен тамашалап, көк Ту желбіреген сәтте көңілдерінде ерекше мақтаныш сезімі ұялады.
Осынау елдік мерекеге Атырау облысынан арнайы шақырылған 16 делегаттың қатарында Исатай ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Маштаховтың болуы – аудан халқы үшін де мәртебе. Елдің ықыласына бөленген ардагер ақсақал бұл сапарда Исатай елінің аманатын арқалап, Астанадағы салтанатты шеруге қатысты.
— Елордада Отан үшін от кешкен боздақтарға тағзым еткен сәтте кеудемді ерекше толқыныс кернеді. Бұл — бір ғана шеру емес, бұл — батырларға көрсетілген мәңгілік құрмет. Қанша уақыт өтсе де, Жеңістің рухы ұрпақ жадынан өшпек емес. Осындай салтанатқа қатысып, еліміздің мерейлі күніне куә болу – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш,-дейді Жансих ақсақал тебірене.
Алаңда сап түзеген сарбаздармен қатар, тарихтың тірі куәсіндей болған ардагерлердің де жүзінен осы күні рухтың лебі есіп тұрды. Өткеннің өнегесі мен бүгіннің берекесі тоғысқан тағылымды мезет еді.
Жансих Маштаховтың бұл сапары – ел ішіндегі ардагерлерге деген құрметтің, аудан атынан барған ізеттің айғағы. Исатай елінің бір өкілі ретінде елорда төріндегі құрметке ортақтасуы – ел мен ер рухының мәңгі сабақтастығын дәлелдегендей.
Жайна МӘЛІМҚОЖА