Ауданның әрбір ауылына жан бітіріп, елдің еңсесін тіктейтін бастамалар бір күнде қабылдана салатын шаруа емес. Оның әрқайсысы есеп-қисаппен, сұраныспен, жауапты мамандардың талдауы арқылы жүзеге асады. Сейсенбі күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен VIII шақырылымдағы аудандық мәслихаттың кезектен тыс XXXII сессиясында дәл осындай маңызды мәселелер ортаға салынды.
Сессия жұмысына аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, депутаттар, бөлім басшылары мен жауапты мамандар қатысты. Мәслихат төрағалығы маңызды шешімдердің мазмұнын ашып, жауапты хабарламашылар өз бағыттары бойынша түсіндірме берді.
Алдымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынзер Сапаева 2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджетке енгізілетін өзгерістер бойынша баяндама жасады. Қаржылық жоспарлаудағы бұл түзетулер аудандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды ескеріп, нақты қажеттіліктерге сай жасалғаны айтылды. Бөлім басшысының айтуынша, нақтылауға ұсынылып отырған бюджет жобасы бойынша елді мекендердің тіршілігіне тікелей әсер ететін бірқатар мәселелерге қосымша қаржы қарастырылған. Соның бірі – ауыл шаруашылығына қажет су мәселесі.
«Ауданымыздағы суармалы және жайылымдық жерлерді сумен қамту – уақыт күттірмейтін мәселе. Бұл бағытқа 26 миллион теңгеден астам қаржы бөлуді ұсынып отырмыз»,-деді баяндамашы. Мұндай қаражат ауылдық округтердің сұранысына сай бөлінбек. Ауыл тіршілігі судан басталатынын ескерсек, бұл – жай сандар емес, нақты өмірге тірек болатын шешім. Алтынзер Сапаеваның мәліметінше, Зинеден, Жанбай, Тұщықұдық, Қамысқала ауылдарында балалар ойын алаңы мен спорттық құрылғылар салуға қаржы бағытталады. «Бұл ауыл балаларының қауіпсіз ортада ойнап, денсаулығын нығайтуына жағдай жасайды», -дейді сала басшысы.
Оған қоса Тұщықұдық ауылында бұрынғы әкімшілік ғимараттың орнына жазғы демалыс алаңын салуға жобалық-сметалық құжат әзірлеу үшін қаржы қарастырылуда. Қызметтік пәтер – маман тартудың басты кепілі. Осыны ескерген аудан басшылығы Зинеден ауылында ветеринар мен мұғалімдерге арналған екі пәтер сатып алу үшін 18 миллион теңгеден астам қаржы қарастырған. Ал Жанбай ауылында алдағы жаз мерекелерін сахналық жабдықсыз елестету қиын. Осы мақсатта дала сахнасын сатып алуға қаражат бөлінуі көзделген.
Облыстық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен де бірқатар ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Мәселен, Тұщықұдық, Жанбай, Х.Ерғалиев ауылдарында жазғы су жүйелерін салуға тиісті қаржы қаралып отыр.
«Ауыз су – елдің амандығы. Бұған салынатын әр тиын – халықтың денсаулығы мен жайлы тұрмысына бағытталған инвестиция»,-деді А.Сапаева.
Сонымен қатар Исатай ауылында көше шамдарын орнатуға, Аққыстауда салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылым тартуға қаржы қарастырылуда.
Зинеден мен Нарын ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын жалғастыру үшін әр ауылға 100 миллион теңгеден бөлінбек. Ал Исатай ауылында 148 орындық мәдениет үйінің құрылысына да 100 миллион теңге қарастырылып отыр. «Бұл – ауылдағы өнерпаз жастардың, өнерге қызығатын жасөспірімдердің арманы еді», -деді баяндамашы.
Жол – халық пен мемлекет арасындағы ең шынайы байланыс. Ауылішілік жолдарды жөндеу – тұрғындар үшін өте маңызды мәселе. Осы ретте Тұщықұдық ауылындағы 8,6 шақырым жол мен жаяу жүргіншілер жолын жөндеуге, Жанбай ауылындағы көшелерді жаңартуға тиісті қаржы бөлу ұсынылып отыр.
Сессия барысында ұсынылған әрбір мәселе бойынша депутаттар сауалдарын қойып, тиісті сала басшыларынан заң шеңберінде нақты әрі толыққанды жауап алды. Әр ұсыныс ашық талқыланып, депутаттық корпус тарапынан зерделене отырып, жұртшылық мүддесіне сай шешім қабылдануына басымдық берілді. Жиынға қатысқан халық қалаулылары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бастамаларды қолдап, өз пікірлерін ортаға салды. Бұл – мәслихат жұмысының ашықтық пен есептілік қағидаттарына сай жүргізіліп отырғанының айқын көрінісі.
Сессия барысында тек қаржы ғана емес, ауданның қоғамдық-саяси өміріне қатысты бірқатар ұйымдастыру мәселелері де қаралды. Атап айтқанда, Исатай аудандық мәслихатының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы №64-VIII «Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» және 2023 жылғы 16 қаңтардағы №188-VII «Округтік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізу мәселесі көтерілді. Бұл жөнінде аудандық мәслихат аппаратының басшысы Айбек Нұрлыбеков баяндама жасады.
Сондай-ақ, аудан дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттау мақсатында «Исатай ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы» ұсыныс қолдау тапты. Сонымен бірге аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс жүргізетін комиссиялардың құрамына да өзгерістер енгізілді. Бұл бағыттағы баяндамаларды аудан әкімі аппаратының басшысы Арманбек Махмутов жасады.
Аудандық мәслихаттың кезектен тыс XXXII сессиясында көтерілген әр мәселе – аудан тынысын айқындайтын, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар. Қаржының әр теңгесі елді мекендердің нақты қажеттілігіне бөлініп, инфрақұрылым мен әлеуметтік салалардағы өзекті түйткілдер шешімін табуға жол ашты. Ал ұйымдық және нормативтік сипаттағы шешімдер жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталды. Халықтың сенімін арқалаған мәслихат депутаттарының қолдауы мен белсенділігі, сала басшыларының ашық әрі нақты ұстанымы сессия жұмысын мазмұнды әрі нәтижелі етті. Ендігі міндет – қабылданған шешімдерді нақты іске айналдыру.
Жайна ИСЛАТ