Арулар мерекесіне орай аудандық орталық кітапханда «Әйел үйдің берекесі» атты шара өтті. Әйел адам отбасының ұйытқысы екенін дәріптеуге бағытталған шарада қоғамның түрлі саласында қызмет атқарып жүрген, әртүрлі мамандықтарды тізгіндеген қыз-келіншектер бас қосты.
Алдымен қатысушыларды аудандық орталық кітапхана басшысы Шынар Махсотова құттықтады.
-Сіздерді көктемнің жарқын мерекесі – 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осы бір тамаша көктем мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің белгісі іспетті.Бұл күн – аналарымыз бен апа-сіңлілерімізге, қыздарымызға жылы лебіздеріміз бен ізгі тілектерімізді жолдайтын күн. Бүгінде қыз-келіншектеріміз отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен бірге саяси-қоғамдық өмірге белсене араласып, еліміздің дамуына да зор үлес қосып келеді. Елімізде әйел-аналардың әлеуметтік жағынан қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейінің артуына, денсаулықтарына да ерекше көңіл бөлуде.Осынау мерекеде баршаңызға амандық, отбасыларыңызға береке-бірлік, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Азаматтарыңыздың сыйластығы мен құрметіне, ұл-қыздарыңыздың ыстық ықыласына бөленіп жүре беріңіздер,-деді.
Шарада жүргізуші қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде сауалдар жолдап, қатысушылар өз пікірлерімен бөлісті. Қазіргі кезде жастардың психологтардың немесе нумерологтардың көмегіне жүгінуі, желілік маркетинг арқылы саудаланатын БАҚ-ды (биологиялық активті қоспалар) қолданудың жиілеуі, соңғы кезде жаңадан «айналмақ» шай беру дәстүрінің пайда болуы, дүниеге келетін сәбидің ұл не қыз екенін көпшілік алдында жариялау дәстүрі – «гендер патидың» белең алуы сынды мәселелер жөнінде қызу талқылады.
Одан соң «Оқыдым – есімде», «Жасадым – білемін», «Шеберлікте шек бар ма?», «Жалғасын тап!» айдарларымен өте қызықты өткен шараның келесі бөлімінде қатысушылардың тапқырлығы, жан-жақтылығы сынға түсті және де «Жалын» мәдениет үйінің өнерпаздары қыз-келіншектерге мерекелік сазды сәлем жолдады.
Сондай-ақ шарада «Әйел ұлтты тәрбиелейді» атты кітап көрмесі шығарылып, таныстырылым жасалды. Шара соңында келген қонақтарға ескерткіш сыйлықтар табысталды.
Маусым ТӨЛЕУІШОВА,
аудандық орталық кітапхананың библиографы