Аудандық жастар орталығының жұмысы жандануда

сурет мұрағаттан

Бүгінде елімізде жастар саясатын оңтайландыру үшін аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Себебі, жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңі. Мемлекет басшысы: «Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі»-деген Жолдауында келтірілген міндеттемелерінің негізі жастардың болашағына бағытталған, яғни, жастарға сенім мен жауапкершілік жүгі артылып отыр. Осы бағытта қала немесе ауыл жастарынан құрылған топ өкілдері әр саланың  жетекші маманы болып, қоғам алдында да белсенділігін танытып, көзге түсіп жүр. Ал жас буынды қолдау – мемлекет саясатының бір тармағы. Бұл орайда 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтардың табысты әлеуметтенуі және түрлі шешімді қабылдауға толық қатысуы, рухани, мәдени, білім беру, кәсіби және физикалық тұрғыдан толыққанды дамуы үшін барлық қажетті жағдайды жасау маңызды рөл атқарады. Жастармен тікелей қарым-қатынас жасайтын, бірлесе жұмыс атқаратын жастар ресурстық орталығының орны да айрықша.

Міне, бүгінгі күні осы аудандық жастар ресурстық орталығына Нұрдәулет Ателов басшылыққа келгелі қандай бастамалар қолға алынды? 2024 жылы жастар саясатын тиімді жүзеге асырып, олардың белсенділігін арттыруда қандай жоспарлары жүзеге асты? Осы сауалдар төңірегінде біздер жауап іздеген едік.

– Орталық жанынан  «Еріктілер жасағы» жұмыс жасаса, жыл басынан түрлі спорттық шаралар мен мәдени іс-шаралар, сондай-ақ «Quiz» интелектуалдық ойыны жастардың белсенділігін арттыра түсті,  – деп бастады бізбен әңгімесін орталық басшысы.

Енді орталық тарапынан ұйымдастырылған шараларға тоқталсақ. Жастармен бір рет аудандық және бір рет облыстық «Жайдарман» жастар лигасы ұйымдастырылса, түрлі семинар-тренингтер, «дөңгелек үстелдер», спорттық шаралар өткізілді. Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен жастар және аға буынды өкілдердің арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша  әр ауылда кездесулер өткізілген.

Сонымен қатар жастар ресурстық орталығы басшысының айтуынша, жыл басынан бері түрлі мәселе бойынша көптеген жастар келіп, ақыл-кеңес алған. Олардың басым көпшілігі жұмысқа орналасу, мемлекеттік бағдарламалар жайында сұрапты. Нәтижесінде «Жасыл ел» еңбек жасағында 100 жас жұмысқа тартылған.

Соңғы жылдары ауданда қылмыстық жағдайлар саны арта түсті. Әсіресе, жастардың қатысуымен орын алған жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан оны алдын алу мақсатында орталық жастары құқық бұзушылық профилактикасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Әрі пробация қызметінде тұрған жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, спорттық шаралар ұйымдастыруды жиілеткен.

-Ағымдағы жылдың ішінде аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жеті жарғы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Аққыстау ауылы «Әсемай» мейрамханасында «Ажырасудың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында семинар-тренинг өткізілсе, аталған бөлімнің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында облыстық «Janyndamyn» қоғамдық қорының қолдауымен,  «Жастар - ел дамуының болашағы» атты облыстық семинар болып, аудан бойынша көптеген жастар қатысып, ой алмасты. Одан бөлек, ұлттық құндылықты дәріптеу әрі ұлығылау мақсатында «Келіні жақсының-керегесі алтын» атты келіндер сайысы өткенін атап өтуге болады. Сонымен қатар жастардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Үстел теннисі», «Тоғызқұмалақ»,  «Шахмат» ойындарынан ашық біріншілік өтті. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудандық полиция бөлімінің қолдауымен «Қазақ елі» саябағында бастау алған «Есірткіге жол жоқ!» акциясы аясында Marathon өткізілді. Әрі аталған орталық пен «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының  ұйымдастыруымен аудан жастары арасында «Ұлттық ойын — болашақтың мұрасы» атты ұранымен ІІІ ұлттық ойындар фестивалі болса, қоғамда кең етек жайған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында «Жемқорлыққа жол жоқ!» ұранымен мекемелер арасында волейболдан турнир, «Нашақорлыққа жол жоқ!» ұранымен нашақорлыққа қарсы мекемелер арасында футзалдан аудандық турнирмен жалғасын тауып жатты. Әрі осы бағытта білім ордаларында түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – деді орталық маманы Данабек Балпанов.

Түйіндей айтқанда, жастар – келешектің тұтқасы. Сондықтан, оларға жасалынып жатқан мүмкіндіктер көп. Ең бастысы, осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, аудан әлеуетін арттыруда еңбек етуге тырысқанымыз абзалырақ.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT