Аудандық жұмыспен қамту бөліміне жаңа басшы келді

Исатай аудандық әкімдігінің өкімімен Қуаныш Мәдиұлы Тахаев бүгіннен бастап Исатай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды.

Аталған тағайындау «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылды.

Қуаныш Мәдиұлы 1994 жылы 5 желтоқсанда Атырау облысы, Исатай ауданының Аққыстау ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. 2016 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын сол жылы Исатай аудандық жұмыспен қамту орталығында жастар тәжірибесінен өтуші ретінде бастаған. Қызметтегі ізденісі мен жауапкершілігінің арқасында түрлі салада тәжірибе жинақтап, басшылық лауазымдарға дейін өсті.

2017 жылдың наурыз айында Исатай аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінде бас маман, сол жылдың маусым айында аудан әкімінің аппаратында іс жүргізуші болып қызмет атқарды. Кейін Исатай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында 2017-2021 жылдары бас маман лауазымында еңбек етті.

Қызмет жолын әрі қарай жергілікті басқару саласында жалғастырған ол 2021-2023 жылдары Аққыстау ауылдық округі әкімі аппаратының қаржы және шаруашылық бөлімінің басшысы, ал 2023 жылдан бастап Аққыстау ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Мемлекеттік қызметте жинаған тәжірибесі мен жауапкершілігі жоғары іскерлік қасиеті оны жаңа міндетке лайықты маман ретінде көрсетті.

Бүгін жаңа бөлім басшысын ұжымға Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин таныстырды. Аудан басшысы Қуаныш Мәдиұлын құттықтап, жаңа қызметінде табыс пен сәттілік тіледі. Ол жас басшының жинақтаған тәжірибесі мен еңбекқорлығы ауданның әлеуметтік саласын дамытуға өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

Мемлекеттік қызмет жолында тұрақты еңбек етіп келе жатқан Қуаныш Тахаевтың жаңа лауазымдағы жұмысы аудан халқының әлеуметтік әл-ауқатын арттыру бағытында жүйелі жалғасады деп күтілуде.

 

Еркебұлан ЗИНЕНДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT