Зинеден Құрасұлы атындағы аудандық мешіттің жөндеу жұмыстары аяқталып, бүгін жұма намазы бастап оқылды.
Мешіттің бас имамы Жеңіс Сисенбаев бұл жақсылықты бөлісу үшін ауыл ақсақалдарын арнайы шақырды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гүлбану Кабулова бастаған бір топ ардагерлер жиналып, қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтар үшін құран бағыштап, елдің тыныштығы үшін дұға жасады. Сонымен қатар, ақсақалдарды құрметтеу бағытында мешіттің атынан ол кісілерге алғыс хаттар мен сый-сыяпаттар таратылды.
«Мешітті неші түрлі нәрсемен сәндесек те, шынайы сәнін кіргізетін өздеріңіз, яғни ақсақалдар. Осындай іс-шараларымызға қатысып, үнемі бізге ақылшы болып арамызда жүргендеріңіз, біз үшін үлкен қуаныш. Сондықтан мешітке жиі-жиі келіп тұрғандарыңызды жақсы көреміз, әрі жастарға үлгі өнеге болатын да сіздер» - деп сөз бастаған бас имам, биыл «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» тақырыбы аясында жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Жұма намазының алдында бас имам мешіттің ең маңызды қажеттіліктеріне көмектескен мекемелер мен жөндеу жұмыстары кезінде басы-қасында бірге жүрген бірқатар азаматтарға ерекше алғыс айтып, оларға сыйлық берді. Сонымен қатар, қаржылай көмектескен жамағатқа ризашылығын жеткізіп, қазақы дәстүр бойынша шұбат, бауырсағын ұсынды.
Берікбол ҚОНАРОВ