Өңірде ауыл халқының денсаулығын нығайтуға бағытталған игі іс жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жуырда Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының бизнес-серіктесінің демеушілігі аясында Исатай аудандық ауруханасына заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған екі жаңа санитарлық автокөлігі табысталды.
Салтанатты рәсім барысында айтылғандай, бұл бастама шалғай ауылдық округтердегі жедел медициналық көмектің сапасын арттыруға және көлік тапшылығын азайтуға бағытталған. Аудан халқының саны жыл сайын өсіп келе жатқанын ескерсек, жедел жәрдем қызметіне түсетін жүктеменің де артып отырғаны анық. Осы ретте жаңа арнайы көліктердің берілуі дер кезінде көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра түседі.

Исатай аудандық ауруханасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Кабулованың айтуынша, жаңа санитарлық автокөлігінің бірі Зинеден фельдшерлік-акушерлік пунктіне, екіншісі аудандық емханаға берілген.
– Әсіресе шалғай елді мекендерде жедел жәрдем көлігінің тапшылығы айқын сезіліп келді. Жаңа көлік Зинеден және Исатай ауылдық округтерінде шұғыл көмек көрсету жүйесін едәуір күшейтеді деп сенеміз. Gazelle NEXT маркалы жедел жәрдем көлігі алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті барлық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Оның ішінде оттегі беру жүйесі, өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор, электрокардиограф, медициналық сорғыш, аспиратор және ларингоскоп бар. Бұл жабдықтар пациентке дәрігерге дейінгі кезеңде сапалы әрі қауіпсіз көмек көрсетуге мүмкіндік береді және тұрғындар үшін үлкен қолдау,-деді ол.
Жаңа арнайы көліктер ауыл тұрғындарының шақыртуына жедел әрекет етуге, науқастарды жайлы жағдайда тасымалдауға және өмірлік маңызды сәттерде уақыт оздырмай көмек көрсетуге жол ашады.

Ауыл медицинасының материалдық-техникалық базасын нығайту – халық денсаулығын сақтаудың маңызды кепілі. Исатай ауданында жүзеге асқан бұл игі қадам өңірдегі денсаулық сақтау саласының жүйелі дамуының нақты көрінісі.
Сағыныш ҚАЙЫР



