АУДАННЫҢ АЛҒАШҚЫ КИНОМЕХАНИГІ

 

Аудан өмірінің әр саласында өзіндік өрнекті ізі қалғандар, соның ішінде сол салада өз мамандығы бойынша алғашқы маман ретінде аты аталып жүргендер баршылық. Біз әңгімелегелі отырған кейіпкеріміз – ауданның кино саласында киномеханик мамандығын алғаш игергендердің бірі. Ол жанбайлық Әбужан Садықов еді.

Осы бір қиындығы мен қызығы мол, өлкемізге жаңадан келген бұл кәсіпке бар саналы ғұмырын арнаған Әбекең 1930 жылы Забурын ауылдық кеңесінде дүниеге келген болатын. Балалық шағын сұм соғыс жалмаған ол еңбекке ерте араласып, қозы бақты, үлкендерге көмектесіп, түрлі жұмыстар жасап, ертерек ер жетті. Ол өзінің қатарластарымен бірге Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын абыроймен өтеп келген соң, 1952 жылдың қазан айынан 1953 жылдың мамыр айына дейін жеті айлық киномеханиктер дайындау курсында оқып, киномеханик мамандығын алып шығады.

Кәсіби еңбек жолын Новобогат аудандық мәдениет бөлімінің жылжымалы қондырғы киномеханигі болып бастапған Әбужан 1957 жылдың желтоқсанында Новобогат ауданының кезекті таратылуына байланысты Бақсай аудандық мәдениет бөлімінің жылжымалы қондырғы киномеханигі болып ауыстырылды. 1963 жылдың ақпан айында мәдениет бөліміндегі киномеханиктердің бөлімнен бөлініп, «Киносеть» мекемесіне жинақталуы себепті Теңіз аудандық «Киносеть» мекемесіне жылжымалы қондырғы киномеханигі болып бекітілді. 1965 жылдың қаңтарында аудан территориясының өзгеруіне байланысты аталған қызметінен босатылып, «Забурын» қаракөл кеңшарына егін қарауылшығы болып жұмысқа орналасады. Алайда, өзінің сүйікті мамандығынан қол үзгісі келмеген ол бір жылдан соң 1966 жылдың мамырында кеңшардың кәсіподақ ұйымына қарасты жылжымалы қондырғы киномеханигі қызметіне тағайындалды. Осы жұмыста 20 жылдың үстінде үзбестен еңбек етіп, 1986 жылдың қараша айында денсаулығына байланысты өз еркімен жұмыстан босап, 1987 жылдың наурыз айында зейнеткерлік шаққа жете алмай, 57 жасына қараған шағында өмірден өтті.

Әбужан аға өзінің қысқа ғұмырының 32 жылын қысы-жазы тынбастан аудан еңбеккерлеріне, атап айтқанда, шалғайдағы малшы-механизаторларына олардың жұмыстарынан тыс уақытта мәдени-көпшілік қызметтің ең көп тараған түрі – кинофильмдер көрсетуге арнап, еңбекшілердің алғысы мен ризашылығына бөленді. Ол кезде қазіргідей теледидар, ғаламтор, ұялы телефон деген атымен жоқ, халықтың киноға деген сұранысы өте жоғары болатын. Жыл бойына үздіксіз қоғамдық мал соңында жүретін малшы қауым айға жетпей келетін осы кино мен жылына бір-екі арнайылап ат басын тірейтін жергілікті өнерпаздардың концертін асыға күтетін-ді. Сондықтан да қыстың бораны мен қарына, жаздың аптап ыстығына, көктем мен күздің жауынды-шашынды лайсаңына қарамастан, шалғайдағы еңбеккерлерге уақытында қызықты да тартымды киноларын көрсетіп, мекеме басшылығының алдына қойған жоспарлы тапсырмасын үнемі артығымен орындап, үздіктер қатарында көрінді.

Әбужан Садықов осындай жемісті еңбегінің арқасында көптеген лайықты марапаттармен ұлығыланды. Атап айтқанда, 1975 жылы Гурьев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен облыстық салалық кәсіподақ президиумының бірлескен қаулысымен «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен, бірнеше рет облыстық және аудандық деңгейдегі Құрмет грамоталарымен марапатталып және бірнеше мәрте ақшалай-заттай сыйлықтарға ие болды.

Бұл аудандағы әр саланың алғашқы мамандары жөнінде жерлестеріміз де біле жүргені абзал ғой деген оймен қолға қалам алғызған бір дерек еді.

 

Еркін ЖҰМАЖАНОВ,

өлкетанушы.

Аққыстау ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT