Ауданның жыл үздіктері айқындалды

 

Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде жыл қорытындысына арналған дәстүрлі «Жыл үздігі – 2025» атты мерекелік салтанатты шара өтті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, өз саласында жоғары жетістікке жеткен еңбек адамдарына құрмет көрсетуді мақсат еткен шараға аудан тұрғындары, сала ардагерлері, үздік мамандар мен құрметті қонақтар қатысты.

 

 

Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Нұрым Мусинге беріліп, мерекелік жиынға жиналған көпшілікті Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, бірқатар үздік азаматтарға марапаттар табыс етті.

 

 

Марапаттау рәсімінде қоғам өмірінің әр саласында табанды еңбегімен танылған азаматтар бір сахнада тоғысты. Мұнай саласындағы кәсіби біліктілігімен ерекшеленген Жұмабек Шайдоллаұлы «Үздік мұнайшы – 2025» атанса, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етудегі адал қызметі үшін Надежда Жақыпқызы «Үздік құқық қорғау қызметкері – 2025» номинациясына ие болды. Экономиканың дамуына үлес қосып жүрген Азамат Мұхитұлы үздік салық төлеуші ретінде танылса, мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапкершілігі мен іскерлігі үшін Ғалия Ғабдыжанқызы «Үздік мемлекеттік қызметші – 2025» атанды.

 

 

Білім мен денсаулық сақтау саласында да еңбегі еленді: шәкірт тәрбиелеудегі үздік нәтижелері үшін Гүлнара Мантихқызы «Үздік мұғалім – 2025» болса, адам өмірінің арашасы болып жүрген Сандуғаш Құрманбайқызы «Үздік дәрігер – 2025» деп танылды. Руханият пен мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін Зинагүл Сағидоллақызына «Үздік мәдениет қызметкері – 2025» атағы беріліп, кәсіпкерлік саласында табандылығымен көзге түскен Абай Годаманұлы «Үздік кәсіпкер – 2025» номинациясын иеленді.

 

 

Әлеуметтік саладағы жанашыр еңбегімен Гүлмира Сапиқызы, тұрғындарды газбен қамту бағытындағы жауапты қызметі үшін Зайдолла Ізімұлы, қаржы саласындағы кәсіби шеберлігімен Алия Исмагулова, спорттағы жоғары жетістіктері үшін Інжу Бейсенбіқызы үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ энергетика саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген Жансеит Қаржаубайұлы, ауыл шаруашылығындағы маңдай терімен танылған Света Жұмабайқызы және сумен қамту жүйесіндегі сапалы қызметі үшін Талғат Ғалымұлы да «2025 жылдың үздіктері» атанып, көпшілік құрметіне бөленді.

 

 

Марапаттау рәсімдеріне Атырау облыстық мәслихатының депутаты Нұрлан Қайреденов, аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин, сондай-ақ аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Самат Есенов  қатысып, үздіктерге ізгі тілектерін білдірді. Шара соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты. Жаңа жылға арналған әуезді әндер көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

 

 

«Жыл үздігі – 2025» салтанатты шарасы – еңбек адамын ұлықтаудың, кәсіби шеберлікті дәріптеудің айқын көрінісі болды.

 

 

Ауданның дамуына үлес қосқан азаматтарға көрсетілген бұл құрмет алдағы жылдарға жаңа серпін беретіні сөзсіз.

 

 

 

Е.ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT