Исатай ауданының әкімдігінде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңі өз мәресіне жетті,-деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті. Берекесі мен бірлігі жарасқан жанұяларды насихаттайтын дәстүрлі байқау жыл сайын қазақстандық отбасылардың қоғамдағы маңызын айшықтап келеді.
Биылғы сайысқа ауданымыздан 10 отбасы қатысуға ниет білдіріп, өздерінің үлгілі өмір сүру салтын, отбасы ішіндегі бірлік пен ынтымақты, бала тәрбиелеудегі ұстанымдарын паш етті. Байқаудыңң басты мақсаты — отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін арттыру және қазақстандық отбасының оң имиджін қалыптастыру.
Қатысушы отбасылардың өмір салты, еңбек жолы, ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдық белсенділігі әділқазылар назарынан тыс қалмады. Арнайы құрылған комиссия шешімімен аудан намысын облыстық кезеңде қорғайтын екі жанұя анықталды. Олар – Аққыстау ауылдық округінен Қарабилиндер отбасы және қамысқалалық Қадировтер отбасы.
Бұл отбасылар тек өз шаңырақтарында ғана емес, ел алдында да өнеге көрсете білген, көпке үлгі боларлық жанұялар ретінде танылып отыр.Енді ауданның абыройын асқақтататын бұл отбасылар «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде бақ сынамақ.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ