Биыл ақпанның 15-і күні кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына 35 жыл толмақ. Осыған орай «Жалын» мәдениет үйінде Исатай аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ауғанның отты жалыны» атты шара өтті. Оған ауған соғысының ардагерлері мен отбасылары, мекеме, ұйымдар мен ауылдық округтер әкімдері, жастар өкілдері, Жанбай шекара заставасының шекарашылары, еңбек ардагерлері, депутаттар қатысты.
Шараның шымылдығы ауған жеріндегі кеңес әскерлерінің ерлігін баяндайтын 3-5 минуттық бейнекөрсетіліммен ашылды. Шарада алдымен Исатай аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Халидоллақызына сөз берілді.
-Ауған соғысы – жүректе жазылмайтын, тарихта орын алатын ерекше беттердің бірі. Ауғанстан оқ пен оттың ортасынан оралған ардагерлер үшін жазылмас жан жарасы десе де болады. Онда он екіде бір гүлі ашылмаған қаншама боздақтар қаза тауып, жат жерде қалды десеңізші. Әрине, арада жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Осы алапат қанды соғысқа біздің ауданнан да он бес жауынгер интернационалдық борышын өтеуге атанған екен. Құдайға шүкір, сол ағаларымыздың 9-ы бүгін арамызда отыр. Сондықтан да кейінгі жас буынға ауған ардагерлерінің өжеттігін үлгі ету, ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу - әрқайсымыздың қасиетті борышымыз,-деді.
Ал ауған соғысының ардагері Дабысқали Бақтығалиұлы өз сөзінде соғыс деген сөздің адамға қорқыныш әкелетінін, оның адамзат баласына тигізер қасіретінің зор екенін, сол кездегі өрімдей жастардың жастық шағы оқ пен оттың ортасында өткенін, бұл шараның басты мақсаты өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру екенін, енді ел тыныш, соғыс болмауын айта келіп, осы іс-шараны жыл басынан бері ұйымдастырып келе жатқан аудан әкімдігіне алғысын білдірді.
Бұдан кейін сахнаға ауған соғысы ардагерлері - Нұрғуат Рысқалиев, Дабысқали Садихов, Арслан Хасанов, Теміржан Қазыбаев, Әлмұрат Мұхтаров, Жантемір Тастанов, Болатжан Мусин, Айболат Абдолов және өмірден озған ауған соғысына қатысушы жауынгер Жұмат Абуов Тілепбергенұлының зайыбы Қалима Халидоллақызы мен Әлімғали Мұқанов Үмбетқалиұлының зайыбы Айбарша Сыралиева шақырылып, оларға аудан әкімінің Тілек хаты мен естелік сыйлықтары табыс етілді.
Шараның келесі бөлімінде Жанбай шекара бөлімшесінің сарбаздары - Амангелді Панабердиев, Меңдібек Жұмағалиев, Медет Насихат, Әділбек Жұмашев, Айдана Бақытова ауған жауынгерлерінің ерлігін сипаттайтын «Сарбаздар», «Достық», «Жауынгер», «Ауғанстан», «Ауылым», «Ана туралы баллада» туралы патриоттық әндер орындап, сахналық қойылымдар көрсетті.
Аяпберген САЛИХОВ