Исатай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылғанына 36 жыл толуына орай аудан әкімі Нұрым Мусиннің ауған соғысы ардагерлерімен салтанатты кездесуі өтті.
Кездесуге ауданның ауған соғысына қатысқан ардагерлері, өмірден өткен ардагерлердің жұбайлары, аудан әкімдігі өкілдері, Ардагерлер кеңесі мен Қоғамдық кеңес төрағалары және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы ауған соғысы тарихына тоқталып, он жылға созылған қасіретті соғыстың қаншама жастың тағдырын өзгерткенін атап өтті.
— Бұл соғысқа Қазақстаннан 22 мыңнан аса сарбаз қатысып, олардың мыңға жуығы майдан даласында қаза тапты. Біздің ауданнан 11 азамат әскери міндетін өтеді, олардың ішінде бүгінде арамызда 7 ардагер бар. Өкінішке қарай, кейбір ардагер ағаларымыз арамызда жоқ, бірақ олардың отбасы мүшелері біздің ортамызда. Бұл – ерлікке, тарихқа деген құрметтің белгісі, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, аудан әкімі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы ауған соғысы ардагерлеріне ай сайын 35 000 теңге және жылына бір рет 150 000 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді.
Кездесуде ардагерлерге деген құрмет ерекше көрініс тапты. Ауданнан ауған соғысына қатысқан азаматтардың есімдері аталып, олардың Отан алдындағы ерлік борышын адал атқарғаны айтылды.
Жиын барысында өмірден өткен ардагерлердің жұбайларына да ерекше алғыс білдірілді. Олар – ерлерінің шаңырағын шайқалтпай, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген абзал аналар.
Жастардың патриоттық тәрбиесін арттыру мақсатында ауданда ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылып келеді. Күні кеше аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен жастармен кездесу өтсе, Тұщықұдық ауылдық кітапханасы мен Қызыл үй елді мекенінің клубында «Ауғанның отты жылдары» атты шаралар өткен болатын.
Ал бүгін Исатай ауылында ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларының қатысуымен кездесу өткізіліп, оған ардагерлер Нұрғуат Аманбайұлы пен Жантемір Махсотұлы қатысты.
Басқосу барысында сөз алған Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Маштахов пен Қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Насимуллин өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Салтанатты жиын соңында аудан әкімдігі ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын табыстады. Одан кейін «Жалын» мәдениет үйінің өнерпаздары ардагерлерге арнап концерттік бағдарламасын ұсынды.
Осындай кездесулердің ұйымдастырылуы – ел тарихына, ерлікке деген құрметтің белгісі. Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі ешқашан ұмытылмайды, олардың ерлігін дәріптеу – кейінгі ұрпаққа аманат.
Ж.МӘЛІМҚОЖА