АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Кеңес әскерлерінің  Ауған жерінен  шығарылғанына 34 жыл толуына орай аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Аққыстау орта мектебінің акт залында «Ауған ақиқаты» атты «дөңгелек үстел» өткізілді.

Алдымен шара Аққыстау ауылы «Ардагерлер саябағында» орналасқан ауған соғысының ардагерлеріне қойылған ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Содан соң «дөңгелек үстел» басында ауған соғысына қатысқан жерлестерімізді және ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетілді.

Аталмыш кездесуге аудан әкімі Полымбет Хасанов, ауған жеріндегі соғысқа қатысушы ардагерлер мен дүниеден озған ауған соғысына қатысушылардың жұбайлары және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин, «Жанбай» шекара бөлімшесінің мерзімді әскери қызметшілері мен Аққыстау, Өркен, Абай атындағы орта мектептердің 11-сынып ер балалары қатысты.Шара шымылдығын ашу үшін алғашқы сөз аудан әкімі Полымбет Максимұлына берілді:

– Отан алдындағы әскери міндетін адал атқарған ауған соғысы ардагерлерінің есімін жас ұрпаққа жеткізу, ерлік істерін насихаттау, тарихтан әділ бағасын беру - бүгінгі күннің басты бағыттарының бірі. Осынау отты жылдары бейбіт өмір үшін күрескен қазақстандықтар сапында исатайлық азаматтардың да ерлік үлгісін танытып, жан аямай отқа түскені белгілі. Отанға деген адал қызмет еткен жерлестерімізді біз әрдайым мақтаныш етіп келеміз. Ауғандық ардагерлерге құрмет көрсету, есімдерін жас ұрпаққа насихаттау бағытында жыл сайын түрлі деңгейде мәдени көпшілік шаралар өткізіліп келеді. 15 ақпан - Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай исатайлықтар атынан шынайы тілегімді білдіре отырып,  Сіздерге және сіздер арқылы барша Ауған соғысының ардагерлеріне мықты денсаулық, отбасы амандығын тілеймін. Тәуелсіз елімізде бейбітшілік салтанат құра бергей!,-деді ол.

1979 жылы желтоқсан айында Кеңес үкіметінің ұйғаруымен Ауғанстан жеріне әскерлер енгізу туралы шешім қабылданды. Біздің ауданымыздан 11 азамат Отан алдындағы парызына адалдық танытып, әскер құрамында ауған соғысына қатысқан. Кездесуге келген ардагер қонақтар өмірлерінің бір таралуы болып өткен сұрапыл соғыс туралы айтып, сол жылдарды еске ала отырып, оқушылардың қойған сұрақтарына жауап берді. Оған қандай оқушылар рухты көтерер патриоттық әндерді тарту етті. Тағылымды кеш барысында дүниеден озған Ауған соғысына қатысушылардың жұбайлары отбастарына сол бір жылдары қандай қиындықтардың туғанын да тілге тиек етіп, естеліктерімен бөлісті. Шараның негізгі  мақсаты да Ауған соғысы жайлы мәлімет беріп, ардагерлермен ашық сұхбаттасу. Сонымен қатар Отан үшін от кешкен, патриоттық рухы жоғары жауынгер ағалардың ерлігін үлгі етіп, Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым ету болатын.

– Ауған соғысы – жүректе жазылмайтын, тарихта ерекше орын алатын кез. Сұм соғыс кезінде таулы аймақта болдық. Мен көлік жүргізуші қызметін атқардым. Оқ-дәрілер мен қару-жарақтарды көлікпен тасыдым. Өзім сияқты жауынгер жастардың күнде біреуінің мерт болғанын көргендіктен біздің елге қайтар күннің туарына үмітімізден гөрі күдігіміз басым болды. Соғысты үлкен немесе кіші деп бөлуге болмайды, Бұл соғыс біздің әрбіреуіміздің жүрегімізге де, өмірімізге де сызат түсірді. Аман-есен елге оралғанда да өзінің қиындықтары болды. Тіпті кейбір жолдастарымыз психологиялық ауруға шалдықса, енді бірі түнгі ұйқыдан қалып, түнімен ойша соғысып жататын, ал енді бірі шыдай алмай наша шегіп кетті. Міне, бұл сұм соғыстың бізге көрсеткен азабы. Сондықтан қай адам үшін де елдің тыныштығы мен халықтың амандығы аса маңызды. Ер жігіттер сіздер міндетті түрде Отан алдындағы борыштарыңызды өтеуге әскерге баруға міндеттісіздер. Отансүйгіш қасиет пен елге деген құрмет болуы керек. Себебі ертеңіміз сіздерсіздер, -деді Ауған соғысының ардагері Дабысқали Садихов.

« Жанбай» шекара бөлімшесінің мерзімді әскери қызметшілері де жүректі тебірентер, патриоттық ән орындап, шара көркін қыздыра түсті. Мазмұнды шара соңында аудан әкімі Полымбет Хасанов Ауған ардагерлері мен өмірден өткен ауған соғысына қатысушыларының жұбайларына ерліктерінің өлшеусіз әрі ешқашан ұмытылмайтындығын айтып, амандықтарын тілей отыра Аққыстау ауылындағы азық-түлік дүкенінен сауда жасауға отыз мың теңгелік сертификат пен гүл шоқтарын ұсынды.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521