Ауған жеріндегі арпалыс

Оның ауылдастарына тек жақсылық жасаумен жүретінін үлкен-кішінің бәрі біледі. Әрісін айтпағанда, беріде заман талабына сай жаңа бір істі қолға алып, кәсібінен нәсіп теруге көшкен алғашқы сәтінен ол осылай танылды. Өзі қанша қиналып жүрсе де, өзгелерге жақсылық жасауға келгенде тартынбайтын. Аядай ауылды алғашқы болып құрылыс материалдарымен қамтуды қолға алып, ілкіде таңның атысы, күннің батысы Атыраумен араны ақ жол қылды. Ауылдастар арқа сүйеген кеңшар тарап, кейінгі кооперативтен де көп көмек бола қоймағалы өз жайын өзі ойлауға көшкен тұрғындардың үлкен болсын, шағын болсын баспана тұрғызатындарының бәрі осында келетін болған. Бұл болса, олардың керек-жарағын қаладан түгендеп, өлшеп-пішіп, санап-сараптап жеткізіп беретін. Сол үшін ақ тер, көк тер бола біреулермен айтысып-тартысып та шаршайтын. Бірақ, онысы үшін ақы дәметпеді, өзінің керек-жарақты жеткізіп беруге деп қойған бағасынан бөлек басы артық бір тиын да алмайтын. Қанша шаршап жүрсе де: «менің анау отқа оранған ауған жерінен аман оралуыма бір себепші осы үлкен-кішінің ниет-тілегі де болар» деген ойдан айнымады. Ал ауылдастары оның әскерде болғанын білгенімен, нағыз қанды қасап майданның қақ ортасынан аман қайтқандардың қатарынан екенінен көбісі хабарсызды...

Ауылдан аттаныс

Мектепте математикаға мықты оқушылардың бірі болған Дабысқали Бақтығалиұлы Садиховтың өз айтуынша, талай-талай білім сайыстарында бағын сынап, жолы болыпты. Тіпті, ұстаздары барлық пәннен беске оқитындар тұрғанда, бір ғана есептен есе жібермейтін, төртке үлгеріп жүрген мұны математикадан болатын аудандық, облыстық білім сайыстарына неге алып баратынын алғашында түсінбей жүретін. Кейін ұқты, қай жерде де сын шақта сыр бермейтіндер керек екен. Бірақ ол алдында үлкен өмір сынақтары күтіп тұрғанын сол кезде қайдан біле қойсын...

Мектеп бітірісімен Оралдағы жоғары оқу орындарының біріне талап қылған, жолы болмады. Туған ауылына қайтып оралып, көп ойланбастан Чапаев атындағы кеңшарға жұмысқа тұрды. Жүргізушілік курсты енді бітірген балаң жігітке кім зырғып тұрған көлік беруші еді. Ескілеу «53»-ке қолы жетті. Бірақ, бала кезінен еңбекқор болып өсіп әрі ата-ана тәрбиесімен табанды болып жетілген, білуге құштарлығы және басым бала жігіт ақыры әлгі машинаны  жөндеп, жүргізді. Алғашқы рейстерге шығып жүргенінің бірінде сәл ақаудан көлігінің ток желілерінің бәрі істен шығып, оны ешкімнің көмегінсіз өзі қайта қалпына келтіргені де бар. Көлікке бірінші рет отырғанына қарамастан алыс іссапарларға жалғыз шығып, талай теперіш көрген кездерін де ұмытпайды. Сөйте жүріп техникаға әбден төселіп, оны ұршықша үйірді.   

Ол  уақытта  ауыл  жастарының арасында екі жылдық Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге бармай қалу дегенің қатарыңнан қалып қойғандай көрінетін. Сосын да жасы жеткен жас жігіттердің бәрі әскери комиссариаттан келетін шақыруды күтетін. Ол шақыру қолына тиісімен тексерудің бәрінен сүрінбей өтіп, қатарымен әскер қатарына аттануды қалап тұратын. Бұл да сөйтті.

Ол 1979 жылдың көктемі болатын. Шақыруын қолға алып, денсаулығы да жарамды деп есептелген ол енді әскерге аттанар күнін күтіп жүрген. Ақыры күткен күн де жетті. Ол және былайғы жай күндердің бірі емес, өзінің Садих атасы сияқты майдангерлердің төккен қанымен келген Жеңістің мерекелі күні еді. Ауылдастары мәз-мейрам мерекелеп жүргенде, бұл бір топ ауыл баласы болып әскерге аттанып бара жатты. Ол уақытта дүниедегі Ауғанстан деп аталатын мемлекетте соғыс өрті лаулап жатқанын біліп жарымайтын бұлар.

 

Белгісіз бағытқа сапар

Ауылдастардан Әлімғали Мұханов, Нұрғуат Рысқалиев болып үшеуі бірге әскерге аттанған бұлар Ленинград әскери округінен бір-ақ шыққан. Мурманск қаласындағы алты ай әскери өмір жас жауынгерлерді біраз шыңдады. Кезекшілікке тұрды, қарауылға барды, көлік жүргізді, саптық жүріске жаттықты. Қару-жарақты күтіп ұстауға, қолдана білуге, соның бәрін арқалай мұздай темір құрсанып жүгіруге үйренді. Күн сайын белгілі бір уақытта болатын жаттығулар бұлардың тұла бойын біраз ширатты, тәртіпке бағынуға машықтанды.

Тапсырманы тиянақты орындауға төселіп те қалған бұлардың әскери қызметі, өздерінше айтқанда «Мурманскідегі мазасыз күндер», осылай өтіп жатқан. –Желтоқсан айының аяқ кезі. Кенеттен дабыл соғылып, бір уақытта бәрімізді жинады. Сапқа тұрғызып, түгендеуден кейін, ауылдан келгелі бергі алты ай бойына үйренісіп қалған орнымыздан басқа жерге жолға шығатынымыз хабарланып, соған дайындыққа кірістік. Бірақ, сапарымыз жөнінде ешкім-ешкімге тіс жарып ештеңе айтпайды. Тіпті оны сұрастырып жатқан біз де жоқпыз. Ауылдастарым Әлімғали мен Нұрғуат болса, бұдан бұрынырақ тап осылай белгісіз бағытқа жолға шығып кеткен болатын,-дейді Дабысқали Садихов өткен күндерге ой жүгірте отырып.

Ақырында бұларды пойызға отырғызған да, бір бағытқа ала жөнелген. Бір эшелондағы бұл сапар толық бір аптаға созылыпты. Пойыз Қызылорда облысының аумағынан өткенінде тоқтаған бір бекеттен су ала түскен Дабысқали сол жерде сауда жасап жүрген қазақ әйелінен өздерінің Ауғанстан бағытына кетіп бара жатқанын бір-ақ естиді. Әлгі әйел адамның айтуынша, бұлар сол бағытқа сапарлап бара жатқан он жетінші эшелон көрінеді.

Арада аз уақыт өткенде бұлар мінген пойыз әскерді сол уақыттағы Одақтың оңтүстік нүктесі - Кушка қаласына жеткізген. Сонда жасақталып жатқан әскери бөлім сапына бұлар да қосылып, дайындыққа кіріседі. -Қателеспесем, 1980 жылғы қаңтардың 5-і күні Ауғанстан мемлекетінің аумағына кірдік. Әлі күнге дейін есімде сақталып қалды, шекарадан өткенімізде тұрғын халықты көріп, ескі бір заманға өтіп кеткендей сезінгеніміз бар. Олардың киім киістері, тұрмыс-салты мүлдем басқаша еді. Кейін көзіміз үйренді ғой,-дейді ауған соғысының ардагері. -Балалары пысық, біз сол жерде аз тұрақтағанда орысша үйреніп те үлгерген олар оны-мұны сұрап мазалайтын. Тпті бізді орысша боқтап-балағаттап қаша жөнелетін тентексоқтары да кезігіп, олардың ол әрекеттеріне күлетінбіз де қоятынбыз. Мойындарына дән салған дорбаны іліп алып, егін егіп жүрген ересектерін де көрдік. Бұл - өзімнің көзбен көрген жайттарым. Жалпы, көп нәрселер көрдім онда, қарапайым халық тыныштық орнағанын да қалап тұратын.

 

От пен оқтың ортасында

Бұлардың бөлімшесі Герат қаласында 15-20 күн тұрақтап, осы жерде жол жүруден шаршаған әскердің арқа-басы сәл кеңіп, демалып қалғандай болады. Алайда, командирлер тарапынан кез келген уақыттағы жағдайларға дайын болу, жауынгерлердің өзін ұстай білуі, тапсырмаға тиянақтылығы, қару-жарақты ұстап-тұтуға жетіле түсуі тексеріліп тұрды. Өз елдеріндегі сақылдаған сары аязға үйренген жауынгерлер мұндағы құмды борасынға, Гератқа түскен жұқа қардан кейінгі балшыққа да бірте-бірте үйренісе бастайды. -Келген әзірде мұнда бізден бұрын тұрған партизандар қатарынан түркімендер мен алматылық қазақтарды кездестірдік. Шамамен 20 күннен соң Гераттан қозғалып, Шиндандқа келдік. Бұл жер жылы, кәдімгідей жаз екен. Осында жаңадан әскери бөлімшелер жабдықталып, мен арнайы жабдықтау бөліміне (ОБМО) түсіп, жүргізуші болдым. Бізбен көршілес жөндеу батальоны тұрды, одан әрі госпиталь орналасты,-дейді жары Гүлбананың баптай құйған күрең шайынан бір ұрттап қойып әңгімесін жалғастырған Дәкең.

Бөлімнің 5-ротасы құрамында болған бұлардың міндеті берілген тапсырманы орындау болады. Айтуынша, тапсырма бойынша олар жергілікті халықты да тасымалдаған, кеңес жауынгерлеріне қару-жарақ та жеткізіп тұрған, азық-түлікті де дер кезінде жеткізу бұлжытпай орындалуы тиіс бұйрықтардың бірі еді. Қару-жарақ, азық-түлікті Одақтан тасыған екен. Әйтеуір, бұлардың ротасындағы қорапты «Урал» көліктеріне бір тыным жоқ еді. Ал әр сапарында жандарын шүберекке түйіп жүрген олар от пен оқтың ортасында өмір сүріп жатқан. Оған суыртпақтай сыр тарта қойған сауалымызға орай ардагердің айтқан төмендегі естелік әңгімесі де дәлел.

-Осында жүріп Әлімғали мен Нұрғуаттың да Ауғанстанда, Кандагардағы бригадада екенін хат арқылы білдім. Біз де арнайы тапсырмаларды орындау кезіндегі сапарларымызда 500 километрдегі сол Кандагарда да, одан берідегі Жалалабадта да болдық. Ол жерлер «ыстық нүктелер» болды ғой. Бірақ, дұшмандар үнемі жол үстінде жүретін бізге кез келген уақытта, кез келген жерден шабуылдар жасап, аяқ астынан атыстар басталып кететін. Арамызда оққа ұшқандар да болды, минаға жарылғандар да кездесті,-деді Дәкең тебірене отырып.

-Жалалабадқа барған бір сапарымызда жау тосқауылына ұрынғанымыз есімде қалды. Колоннаны танкпен, вертолетпен алып жүреді. Машиналардың жарық шамдары, артқы фонарлары жарықты жан-жаққа шашпайтын арнайы құрылғылармен жабдықталатын. Бұл қашықтан көлденең көзге түсе қоймау үшін керек. Әдеттегідей, колоннадағы көліктер 5-6 метр арақашықтықты сақтап жүреміз. Ізден шығуға болмайды. Жолдан сәл қиыс шықсаң, жау минасына ұрынуың оп-оңай. Ал көз көрсетпейтін бораған құмды топырақта ізден айрылмай жүрудің өзі қиын.

Сол жолы да колоннадағы 40 машина осылай жылжып келе жатқанбыз. Жалалабадтан 40-45 шақырымдай жер шығып кеттік. Кенет, жанымнан қарға ұшып өткендей болып елең еттім. Колоннамыз тоқтады. Сөйтсек, әскерге келгеніне алты ай болған бір жас жауынгеріміз машинасымен жолдан шығып кетіп, минаға ұрынған.Әлгі қарға болып елес-теп өткен сол көліктің жан-жаққа ұшқан дөңгелектерінің жыртындылары мен басқа да бөлшектері екен. Құдай сақтап, әлгі жауынгер аман қалған. Осындай сәтті күткен дұшмандар да тау жақтан оқты жаудырып, атқылай бастады. Оқтың келе жатқаны ысқырған дыбысынан да білінетін. Оқ алдыңғы көлікке тиіп жатты. Бізге қарай жүгірген жас жауынгерді қорғай біз де дұшманға оқ жаудырдық. Дүние астан-кестен, айнала көкала шаң. Әрине, жазық жерде бар қалқалайтынымыз машиналардың тасасы. Атыс 3-4 сағатқа  созылды, уақыт кешкі 5-ке таялғанымен ол жақта тал түс. Канистрдегі су да таусылды. Медбратымыз «дұшмандар улап кеткен болуы мүмкін» деп бұлақтан су алдырмады. Осы кезде біздің тікұшақтар да жетіп үлгеріп, жауды аяусыз соққының астына алды.

Шөл қысты, ерніміз кеберсіп, тіліміз ауызға симайды. Қатты шөлдегенде аузың ашылмай қалатынын сол кезде білдім. Көгеріп кеткен қақтың суын ішуге мәжбүр болдық. Бәріміз флягамызды толтырып алдық, Бала кезімнен тазалыққа құштар, кірпияз болып өскен мен қанша алғым келмегенімен «жуынсам да керек болар» деп қос флягама құйып алдым. Командир жауынгерлерге көйлектің ілгегінің көлеміндей екі ақ дәрі беріп, әлгі көгерген суға қосып ішуді кеңес етті. Кейін білдік, бұл хлор екен. Сөйтіп жан сақтадық. Бұл тек бір оқиға ғой. Ондай жағдайлар оқтын-оқтын кезігіп тұратын. Әйтеуір, пешенемізге өмір сүру жазылыпты.

 

Ерлік – елге мұра

Дабысқали Бақтығалиұлы бейбіт замандағы сол бір сұрапылға өздерінің сұранып бармағанын, бұйрықты орындағандарын тілге тиек етеді. Қарапайым ауғандықтарға көмек еткендерін де ойға алып қояды. Айтуынша, бұлар болған бөлімде белгілі бір мекен-жай емес, далалық пошта болған. Өздерін кей кездері елден жырақта, бөлектеніп қалғандай сезінген сәттерді де бастан кешкендерін жасырмайды ол. Бөлімшеде бірге болған 3-4 қазақ жауынгердің намысты қолдан бермеуге тырысқандарын, жауынгер халықтың балалары екенін басқаларға  дәлелдей жүруге ұмтылып тұратындарын айтады...

Өзінің 65 жасқа аяқ басқан ғұмырының 1 жыл 6 айын осылайша от пен оқтың ортасында өткеріп, ауылға аман оралған ардагердің айтары аз емес. Тек өзі емес, бүгінде аудан бойынша ауған соғысының ардагерлері ретінде есепте тұратын жеті бірдей жерлесінің де бұрынғы бабалардан жетіп, кейінгі ұрпақтарға жалғасқан елге мұра – ерліктің иелері екенін айтады ол. Олардың да оқушылармен, жастармен кездесулерде отаншылдыққа үндеп, төзімділікке шақырып жүретініне өзі де куә екендігін мақтанышпен баяндайды. Бүгінде қатарларында жоқ Әлімғали Мұханов, Жомарт Әбуов, Қалихан Шамаровтарды да өзгеге өнеге ете әңгімелейді.

Иә, сол бір сұрапыл да аяқталып, Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасы аумағынан шығарылғанына биыл 35 жыл толады екен. Ал сол сынды соқпақты жүріп өткендердің бірі - біз әңгімелеп отырған тұщықұдықтық Дабысқали Бақтығалиұлы Садихов. Осылайша ауғандық ардагердің жас буынға айтары да аз емес.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT