"Ауғанның алапатын көрген жандардың баршасының аман отыруын тілеймін" -дейді майдангер жары

 

Арада 35 жыл уақыт озса да, бейбіт кезеңде сарбаздарды сұрапыл оттың ортасына салған ауған соғысы жайында айтылар әңгіме аз емес. Сол бір қанды қырғында қыршынынан қиылған жандар қаншама еді?! Бүгінде елге есен-сау оралғандарының өзінің де қазірде қатарда жоқтары баршылық. Ал олар туралы толғанысты естеліктер кешегі бір кесепатты көз алдыңа әкеледі.

Елге аман оралып, бейбіт өмірде елдің дамуына еңбек ете жүріп, ертерек бақилық болып кеткен сондай жандардың бірі аққыстаулық Абуов Жұмат Тілепбергенұлы еді. Өмірінің соңғы жылдарында бір кездері атағы алысқа кеткен Аққыстау кірпіш зауытында өзі аударатын «КамАЗ» автокөлігін жүргізген, көпшілік Жомарт деп те атай беретін Жұмат ағаны біз де көре қалғанбыз. Аңқылдаған ақкөкірек азаматтың ауған соғысында болған сарбаз екенін білетінбіз. Бірақ, ол уақыттарда ауғандық жауынгерлер туралы көп айтыла бермейтін, олардың өздері де сол соғыс жайында «сыр аша» қоймайтын. Сөйткен азамат 2001 жылы өмірден озып кете барды. Біз Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылғанына 35 жыл толған сәтте абзал азаматтың артында қалған жары Қалима Халидоллақызына жолығып, аз-кем әңгімеге тартуды ойладық.

-Ол соғыс сол сұрапылдың ортасынан табылуды тағдыр маңдайларына жазған жандардың жүректерінде жүрген жара болып қалды ғой. Сосын да болар, жолдасым өздері бастан өткерген жағдайлар туралы көп айта бермейтін. Мүмкін, сол кездері тәртіп те солай болған шығар? Әйтеуір, оқ пен оттың ортасында жүргендерін, күрделі опера-цияларға қатыс-қандарын, түрлі қиындықтар да болғанын шет жағасын айтып қалатын кейде,-дейді Қалима апай бізге.

Апайдың айтуынша, Жұмат аға 1978 жылдың аяқ кезінде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанып, Германия елінде қызметін өткеріп жатқан. 1979 жылы бір күні түнгі сағат 3-те бұларды ұрыс дабылымен тұрғызады да, түгендеу кезінде жұп саны тап болғандарды алға шығарып, бірден пойызға отырғызады да, белгісіз бағытқа ала жөнеледі. Бұлар мінген эшелон Аққыстау стансасына сәл аялдайды да, вокзалдағы қассирге жүгіре жеткен Жұмат аға әкесіне сәлем айтып үлгереді. Сөйтіп, соғыс өрті тұтанып жатқан ауған жерінен бір-ақ шыққан.

-Қиындық көрген, сыналған адамдар өте қарапайым, көпшіл, қамқор, адал, төзімді болады ғой деймін. Мен білетін ауған соғысына қатысушылардың бәрі де сондай жандар. Олардың қай уақытта да, қандайма жағдай болмасын, бір-біріне көмек етуге дайын тұратындарын сезіне жүрдім.

Олар бір-бірімен жиі араласып, хабарласып тұрды. Жолдасым да кездесулерге баратын. Өз араларында бастан кешкендерін әңгімелейтін болар, сыртқа көп шығармайды ғой. Кейде жақсы көңіл-күймен оралатын,-деген сұхбаттасымыз жауынгер жарымен 18 жыл тату-тәтті жұбайлық өмірде болып, ұрпақ сүйген. Жұмат ағамыз өмірден озғанда балаларының алды енді мектеп бітіріп жатса, соңы әлі кішкентай еді. «Орнында бар оңалар» дейді қазақ, қазір бәрі де есейді, жоғары білім алды, ұл үйленіп, қыздары тұрмыс құрды. «Аллаға шүкір, бүгінде немере-жиендер сүйген әже болдым. Ауған соғысының жесірі ретінде қолдау-көмек көрмегеніммен, мерекелерінде жиналыстарға шақырады, қаруластары хабарласып тұрады» дейді Қалима Халидоллақызы.

Ауғанның алапатын көрген жандардың баршасының мықты денсаулықта болуларына, отбасы, ұрпақтарының ортасында аман отыруларына ниеттес көңілін білдіріп, елге амандық, жұртқа тыныштық тілек еткен майдангер жарына біз де жақсылықтар тіледік.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT