ҚР Парламенті сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаевпен болған кездесуде Қамысқала ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Мусин ел көкейінде жүрген бірқатар мәселелерді қозғады.
-Жалпы Атырау өңірі халқының ең басты уайымы – экология мәселесі, - дейді ардагер. - Биыл жеріміз қуаңшылыққа тап болды деп жатырмыз. Бірақ, бұл биыл ғана орын алып отырған жағдай емес. Қателеспесем, ауданымызда он бес жылға жуық уақыт қуаңшылық болды. Жауын жоқ. Жылда-жылға қар жауу да азайып бара жатыр. Бұның бәрі экологияның зардабы болса керек. Жақында осыған байланысты бір тәуелсіз журналист мәселе көтерді. Табиғатқа жанашыр азаматтар министрлікпен онлайн байланысқа шығып, біраз мәселе талқылағанын да білеміз. Жайықтың, Қиғаштың суы төңірегінде де түйткіл көп. Қысқасы, қоршаған ортаның қазіргі ахуалына назар аудармай болмайды. Ауыл адамдарына күнкөріс үшін ұстап отырған бірлі-жарымды малын бағудың өзі оңай соқпай тұр. Өйткені, өрісте қылау шөп жоқ. Жаздың өзінде үйден баптап, жемдеп отырған мал қыста не болмақ? Сондықтан, Атырау облысының экологиялық ждағдайына мән беретін кез келді деп ойлаймын, - деді Бекболат Мусин.
Қамысқала ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының ауыл жайлы да айтары бар. Қазақтың қарашаңырағы саналатын құтты мекенінен жастар жағының үдере көшуінің бір себебі бар дейді ол.
-Қазір ауылдан көшу процесі басталып кетті, тұрғындар мүмкіндігінше қалаға көшуде. Себеп не? Себеп ең бірінші кезекте баланы оқытуда болып отыр. Мемлекеттің алға қойған үш тілділікті үйрену мәселесі жастарымызды бейжай қалдырмауда. Ол дұрыс та шығар. Ел қатарлы біздің балаларымыз да орыс, ағылшын тілдерін меңгерулері, тілдік ортада тәрбиеленулері керек қой. Сондықтан, ауыл халқы, әсіресе, жастар жағы Тұрғын үй жинақ банкі арқылы несие алып, қаладан баспаналы болуға тырысып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, қала жасарып, ауыл қартайып бара жатыр. Енді ол қарттар ауылды қашанғы ұстап тұра алады? Жастарымыз кең байтақ Қазақстанның бүкіл территориясындағы облыс қалаларына көшіп алғанда ауыл кімге қалады? Яғни, бойында күш-қуаты бар жастардың дені қаланы бетке алса, осындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін кім дайындайды? Мал, егін шаруашылығымен кімдер айналысады деген экономикалық сұрақ туындайды, - деген Бекболат Мусин оның жолы жас мамандарды ауылға жұмылдыру екендігін айтады.
- Ауылды тұрақтандыру мәселесіне мән берсек екен. Ол үшін ауыл мектебіне жағдай жасау, ауыл мектептеріне мұғалім кадрлардың жақсы дайындықпен келіп орналасуын, олардың ауылда тұрақтап қалуын, сондай ақ дәрігерлердің де ауылға келіп қызмет етуін қамтуымыз керек шығар. Себебі, қазірдің өзінде ауылдық амбулаторияда бір зейнеткер дәрігер қалды. Ол қашанғы жұмыс жасай береді? Сондықтан, білікті жас мамандардың ауылға келіп орналасып, тұрақты жұмыс жасауына мемлекет мүмкіндікті молайту керек. Ол үшін барлығы сіздердің назарларыңызда болуы тиіс деп ойлаймын, - деп түйіндеді сөзін ардагер.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ