Әлемде адамды тәрбиелейтін екі үлкен мектеп бар: бірі – өмір, екіншісі – спорт. Өмір адамды сынап, түрлі өткелдерден өткізсе, спорт оны шыңдайды. Қазақтың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов те «Дұрыс жолға қойылған дене шынықтыру ойындары оқу-білім алуға бөгет емес, қайта бойды сергітіп, ойға жәрдем ететін нәрсе»,-деп тегін айтпаған. Шынында да спорт – қызыққа да, шыңға да жетелейтін өмір мектебі. Ол табысқа бірден жеткізбегенімен, тынымсыз еңбек еткен адамға мол пайдасын береді.
Жеңіске жету үшін еңбек пен төзім, достық пен сенім қажет. Сондықтан спорт – ұлтты ұйыстыратын ең ұлы күш, елдіктің айнасы. Осы асыл қасиеттерді дәріптеп, қоғамға сергектік пен салауаттылықты насихаттау мақсатында тамыз айының үшінші жексенбісінде елімізде Спорт күні мерекеленеді. Атаулы күн – тек спортшылардың жеңісін ұлықтау ғана емес, жас ұрпаққа жігер сыйлайтын, халықты бірлікке шақыратын мерейлі мейрам. Исатай ауданында да бұл күннің салмағы бөлек. Спорт десе, ең алдымен көз алдымызға жас буынның арман-қиялы, жеңіске деген ұмтылысы, намыс пен қайрат оралады. Ал сол арманды қанаттандырып, жастардың жолына шамшырақ болып жүрген жандардың бірі – Асхат Жұмабеков.
2017 жылдан бері аудандық «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубын басқарып келе жатқан ол тек спорт саласының ұйымдастырушысы ғана емес, ел сенімін арқалаған азамат. Бүгінде аудандық мәслихат депутаты, Дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының Ұлттық дәрежедегі төрешісі. Жуырда ғана облыстық спорттық, жауынгерлік және жағажай самбо федерациясының вице-президенті болып сайланып, өңір спортын жаңа белеске жетелеуге кірісті. Осы күндері Асхат Жұмабекұлының есімі тағы бір мәрте халықаралық деңгейде аталды. Ол жақында Еуропалық Одақта спортты басқарудың заманауи жетістіктері бойынша тәжірибе алмасып, «Спортты басқару» мамандығы бойынша Іскерлік әкімшілік магистрі атанды. Әрине мұның бәрі тек жеке жетістік емес, аудан спорты үшін де зор мүмкіндік. Осы орайда біз Асхат Жұмабековпен арнайы жүздесіп, аудандағы спорттың бүгінгі ахуалы мен болашақтағы бағыт-бағдары жөнінде әңгімелескен едік.
-Асхат Жұмабекұлы, расында да соңғы жылдары ауданымызда спорт нысандары көбейіп, түрлі жарыстар жиі өтіп келеді. Бұл тұрғындарды спортқа тартуда қуанышты құбылыс. Дегенмен осы қарқын сапамен ұштасып жатыр ма? Яғни, көп нысан салынғанымен, олардың тиімділігі мен шынайы нәтижесі көңілден шыға ма?
-Иә, әрине артық етпейді. Қазіргі таңда ауданымызда спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Әкімдіктің қолдауы, депутаттардың сұранысы негізінде бүгінде әр ауылдық округте спорт кешендері мен ойын алаңдары салынып жатыр. Әрине кешендердің көлемі шағын болуы мүмкін, дегенмен бұл әсіресе шалғай ауылдағы ағайын үшін үлкен мүмкіндік екенін айтуға тиіспіз.Көпшілік жарыстар тым жиілеп кетті деп ойлауы ықтимал. Бірақ, керісінше, жарыс көбейген сайын нағыз мықтылардың іріктеліп шығуына жол ашылады. Бұған дейін көзге түспей, елеусіз жүрген спортшылардың бойындағы қабілеті байқалып, оларды тануға мүмкіндік туады. Сонда бұл жас дарындардың үлкен спортқа қадам басуына берік негіз. Мысалы өткенді еске алсақ, бұрын барлық спорттық шаралар аудан орталығы Аққыстауда ғана ұйымдастырылатын. Х.Ерғалиев, Тұщықұдық, Жанбай сынды ауылдардан қарапайым жастар қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан орталықтағы жалғыз спорт кешеніне келіп жаттығатын. Сол кездері мен Нарын, Зинеден, Исатай ауылдарында да талай дарынды қыз-жігіттер бар екенін ойлайтынмын. «Егер сол ауылдардан да спорттық үйірмелер ашылса, мүмкіндіктері кеңейсе ғой» деген арманым болды. Міне, осы салаға келгендегі басты мақсатым – шалғай ауылдардан спорттық үйірмелер ашу еді. Бүгінде ол мақсат орындалды. Жемісін де көріп отырмыз. Мәселен, «Барыс» клубының ашылғанына сегіз жыл ғана болса да, Зинеден ауылынан шыққан шәкіртіміз дзюдодан әлем чемпионатына жолдама алды. Азия ойындарына қатысуға да әзірленіп жатыр. Бұл аудан тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік. Демек, біз алға қойған мақсатымызға бір табан жақындадық. Сондықтан да спорт кешендерінің көбеюі, жарыстардың жиі ұйымдастырылуы да қуанарлық жағдай. Ең бастысы, мұның бәрі тек сан үшін емес, сапа мен нақты нәтижеге жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана аудан спортының болашағы жарқын болады. Спорт күні мерекесінде де облыстың қала және аудан спорт ұйымдары қуанышты жаңалыққа куә болды. Облыс әкімдігі мен спорт басқармасының қолдауымен жасөспірім спортшыларға арнап 18 жаңа автобус табысталды. Бұл игі іс жас өрендердің жарысқа қауіпсіз әрі ыңғайлы жетуіне жол ашпақ. Екі бірдей автобус біздің ауданға да бұйырып, жергілікті спорттың дамуына серпін берді.
- Осы орайда шалғай ауылдардағы жасөспірімдерге де үлкен мүмкіндік сыйлап отырған «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының бүгінгі ахуалы қандай?
- Қазіргі таңда аталған клуб – Исатай ауданы білім бөлімінің коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарайды. Дегенмен көпшілік арасында бұл құрылымның маңызын толық түсінбейтіндер де бар. Кейбіреулер білім бөлімінің міндетін тек қана оқу процесімен, яғни мектептердегі білім берумен шектеп жатады. Сол себепті спорт клубын да қарапайым дене шынықтыру пәнінің жалғасы ретінде қабылдайтындар бар. Алайда шын мәнінде «Барыс» клубының жұмысы бұдан әлдеқайда ауқымды. Дәлірек айтсақ, клуб жыл сайын ұлттық мектеп лигасын өткізіп, оған үш мыңға жуық оқушыны аудандық, облыстық жарыс-пен қамтиды. Яғни мектеп оқушылары ішнара спорттық үйірмелерге қатысып қана қоймай, олар жаппай спортпен қамтылады. Егер спортты терең түсінбейтін маман басқарса, іс-шаралар тек дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің шеңберінде қалып қоюы мүмкін еді. Ал біз бүгінде бағытты кеңейтіп, нақты жүйелі жұмыс жасап келеміз. Қазіргі таңда клубта 9 үйірме жұмыс істейді. 14 білікті жаттықтырушы 400-ге жуық оқушыны тәрбиелеп, түрлі спорт түрлерін үйретуде. Меніңше бұл аудан көлемінде бұқаралық спортты дамытудың айтарлықтай жетістігі. Өйткені клубтың негізгі миссиясы – балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын оятып қана қоймай, олардың кәсіби деңгейде шыңдалуына жол ашу. Басқаша айтқанда, «Барыс» тек спорт үйірмелерін ұйымдастырып қана қоймай, аудан жастары үшін үлкен тәрбие мектебіне айналып отыр. Таяуда ғана «Ұлттық ойын – болашақтың мұрасы» ұранымен ІІІ ұлттық ойындар фестивалі өтті. Аталған фестивальға аудан мектептерінен 100-ге жуық оқушы қатысып, ұлттық ойынның 10 түрінен бақ сынасты. Асық ату, бес асық, белдесу, ләңгі тебу, бұқа тартыс, тартыспақ, тоғызқұмалақ, садақ ату, қой көтеру, арқан тартыс сынды сайыстар жастардың қызығушылығын оятты. Оған қоса қазақ халқының ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан қыз қуу мен теңге алу жарыстары да ұйымдастырылды. Осыған орай арнайы қонақ ретінде Қазақстан Республикасының үш дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, көптеген елдік және халықаралық жарыстардың жеңімпазы, әйгілі құсбегі Арман Қошқаров шақырылды. Оның қатысуы жастарға үлкен серпін берді деуге болады. Жалпы жыл сайын аудан көлемінде 50-ге жуық спорттық іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында Ұлттық мектеп лигасы аясындағы жарыстар, ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған мұғалімдер арасындағы спартакиада, 5 мемлекеттің спортшыларын қамтыған халықаралық турнирлер, ардагер ұстаздарды еске алу турнирі, сондай-ақ республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстар бар. Бұдан бөлек, таэквондо, каратэ, кикбоксинг, гандбол секілді бұрын ауданымызда болмаған спорт түрлерінен үйірмелер ашылды. Бүгінгі таңда «Барыс» спорт клубының шәкірттері республикалық қана емес, әлемдік ареналарда да жеңімпаз атанып жүр. Сонымен қатар клуб жаттықтырушыларының ішінде халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері және жоғары санатты ұстаздар еңбек етуде. Клубтың жұмысы республика деңгейінде де бағалануда. Мәселен 2022 жылы Алматы қаласында өткен шарада «Үздік спорт клубы» атағына ие болса, 2023 жылы аудандық жыл қорытындысында «Үздік спорттық шара» номинациясымен марапатталды. Осының бәрі «Барыс» клубының шалғай ауылдардағы балаларға жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, олардың болашағына жол салып отырғанын айқын көрсетеді. «Барыс» клубының бүгінгі ахуалы – бірқалыпты даму мен алдағы межелерге сенім ұялататын деңгейде деп бағалауға толық негіз бар.
-Иә, қазіргі таңда футбол лигалары жиі ұйымдастырылып жүр. Тіпті жанкүйерлердің мәдениеті де қалыптасып келеді. Осы лигалардың аудан спортын дамытуға қосып жатқан үлесі туралы айтып өтсеңіз.
-Дұрыс айтасыз, бүгінде жанкүйерлердің де өз мәдениеті қалыптасып келеді. Әсіресе жанайқайға толы нағыз патриот жанкүйерлердің бар екенін көргенде қуанышымыз артады. Олар қай лига болмасын, өз командасын қолдап, қолпаштап, ойын алаңынан табылып жүр. Бұл дегеніміз спортшыларға зор күш-жігер беретін маңызды фактор. Лигалардың жиі өтуінің пайдасы да айтарлықтай. Әр лига – ойыншылар үшін тәжірибе алаңы, өз мүмкіндігін сынап, шеберлігін жетілдіруге үлкен мүмкіндік. Жеңіліс те, жеңіс те спортшыны шыңдайды. Ең бастысы, осы аудандық лигалардың нәтижесінде біртіндеп мықтылар сүзгіден өтіп, шыңдалып шығады. Солардың ішінен үздіктері облыстық, тіпті республикалық деңгейде танылып жатыр. Соның бір айғағы – биыл облыс чемпионатында аудан спортшылары үлкен футболдан төртінші кезеңді жеңіспен аяқтады. Меніңше аудан футболы үшін зор жетістік. Яғни лигалардың жиі ұйымдастырылуы спортшылардың кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай, олардың бойында командалық рухты, табандылықты, жеңіске деген жігерді қалыптастырып отыр.
– Сіз жуырда жастармен жүздескенде «Тұщықұдықтан Аққыстауға қатынап, балаларды жаттықтырдым, жолға кететін қаражатты үнемдеу үшін ағайынымның үйінде де жаттым» деп едіңіз. Сол кездегі мүмкіндіктер шектеулі болса да, жастардың спортқа құлшынысы ерекше еді. Ал бүгінгі жастардың ұмтылысы, тәртіп пен психологиялық тұрақтылығы қандай?
–Иә, жасыратыны жоқ, қазір мамандығына шын беріліп, спортты өзінің өмірлік мақсатына айналдырған жаттықтырушы ұстаздар саусақпен санарлық. Дегенмен сондай жанкешті мамандардың арқасында спорт алға жылжып келеді. Ал біздің кезді еске алсақ, жағдай мүлдем басқа болатын. Кілем жоқ, киім жоқ, қолда барды құрап жаттығатынбыз. Бірақ соған қарамастан, бізде бір нәрсе мықты еді – ол тәртіп пен жігер. Қандай қиындық болса да, соған мойымай, спорттан бас тартпайтынбыз. Ал бүгінгі балаларға келсек, жағдайлары бізден әлдеқайда жақсы: спорт залдары бар, құрал-жабдық жеткілікті, киім де дайын. Бірақ, олардың спортқа ұмтылысы әлсіздеу. Мұнда бірнеше фактор әсер етіп отыр. Біріншіден, телефон мен гаджеттер балалардың назарын жиі бөліп жібереді. Екіншіден, үйірмелер көп болғанымен, бала өзінің табиғи бейімін таба алмай, кез келген секцияға бара салады. Ол жерде денесін шынықтырады, бірақ психологиялық тұрғыда мақсатқа жетуге деген табандылық қалыптаспайды. Ең бастысы – қазіргі жастардың психологиялық тұрақтылығы бұрынғыдай берік емес. Біздің кезімізде бір мақсат қойсақ, соған жетпейінше тынбайтынбыз. Ал қазір балалардың көбі алғашқы қиындықты көрсе, тез бас тартып кетеді. Бұл жерде тәртіп пен төзімнің жетіспеуі анық байқалады. Сондықтан жаттықтырушының рөлі ерекше. Ол тек спорттық әдіс үйретіп қана қоймай, баланың бойына сенім, тәртіп, шыдамдылық, командаға адалдық сияқты қасиеттерді сіңіруі тиіс. Яғни қазіргі спорттағы басты мәселе – тек материалдық жағдай емес, жастардың психологиялық дайындық деңгейін көтеру. Біз балаларды үлкен аренаға шығарғымыз келсе, алдымен олардың жан дүниесін шыңдауымыз керек. Өйткені психологиялық тұрақтылығы мықты спортшы ғана шынымен нәтижеге жете алады.
- Сіз облыс, республика көлеміндегі түрлі спорттық іс-шараларға жиі қатысып жүресіз. Сол сапарлардан кейін «біздің ауданға әлі де жетпей жатыр» деп ойлайтын тұстарыңыз бар ма? Сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жөндеу жұмыстарының тоқтап тұрғаны белгілі. Осы бағыттағы жұмыстардың барысы қалай?
– Шыны керек, «бізде мынау осал» деп нақты айтуға келмес. Дегенмен ең басты назар аудару керек тұс – ол жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін арттыру. Жаттықтырушының білімі мен білігі жоғары болса, соның жемісін тікелей спортшыдан көреміз. Сондықтан оларды түрлі семинар, курстарға жіберіп, кәсіби ізденісін қолдап, жеткен жетістіктеріне сай ынталандыру басты міндет. Жыл соңында әр жаттықтырушы өз еңбегінің бағасын көрсе, ол келесі жылы одан да жоғары нәтиже көрсетуге талпынады. Бұл жерде міндетті түрде бәсекелестік болуы керек, бірақ ол қызғанышқа емес, алға ұмтылуға, кәсіби дамуға негізделген бәсекелестік болуы тиіс. Ал ауданға келсек, мен бірнеше жылдан бері тұрақты көтеріп келе жатқан мәселе бар – ол бассейн салу. Себебі жүзу спорты – тек спорт қана емес, қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға да аса қажет. Балалар суға еркін жүзуді үйренсе, бұл олардың өмірлік қауіпсіздігі үшін де маңызды. Әкімдік тарапынан бассейн салу жоспарда бар, тек ол уақыттың еншісінде. Сондай-ақ аудан орталығына үлкен заманауи спорт кешені қажет. Қазіргі мобильді спорт кешендері қолжетімді болғанымен, барлық талапқа сай жабдықталған ірі спорт орталығы ауадай қажет. Өйткені біздің аудан спортшыларының жетістігі де, саны да жоғары. Тағы бір мәселе – спортшылардың жарыстарға қатысуына бөлінетін қаржы аз. Егер осы бағытқа жеткілікті қолдау болса, аудан спортшыларының әлеуеті бұдан да жоғары боларына сенімдімін. Ал спорт кешеніміздің құрылысына келсек, расымен біраз уақыт мердігер мекеменің жауапсыздығынан тоқтап қалды. Бұл мәселе облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінде де көтерілді. Қазіргі таңда жобаға түзету енгізіліп, шамамен 4 млн теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланып отыр. Облыстық білім беру басқармасы басшысы бұл бағытта қолдау болатынын жеткізді. Құжаттық рәсімдер толық аяқталған соң, қазіргі бағаға сәйкестендіріліп, спорт кешенінің құрылысы жалғасады деп үміттенеміз.
– Таяуда Еуропалық Одақта спортты басқарудың заманауи жетістіктері бойынша тәжірибе алмасып, «Спортты басқару» мамандығы бойынша Іскерлік әкімшілік магистрі атандыңыз. Қандай тәжірибе алдыңыз?
– Ол жақтан үйренгенім өте көп. Ең әуелі балалардың жүзуіне ерекше көңіл бөледі екен. Мысалы, біз барған Польша елінің әр қаласында отызға жуық бассейн бар. Бұл – жүзу спортының жүйелі түрде жолға қойылғанының айғағы. Яғни жекелеген спорт түрлерінен гөрі су спортына бірдей деңгейде басымдық берілген. Екінші бір назар аударарлық дүние – тәртіп. Тәртіптің спорттағы маңызы зор. Сонымен қатар қазіргі таңда олар жасанды интеллектті спортпен байланыстырып, жаттығу процесін қадағалауға кеңінен енгізіп отыр. Әрбір спортшының жаттығудағы жүктемесі, жүрек соғысы, денсаулық көрсеткіштері арнайы ЖИ арқылы бақыланады. Егер тапсырма тым ауыр болса немесе жарақат алу қаупі байқалса, жүйе автоматты түрде ескерту береді. Бұл спортшыларды жарақаттан сақтап, тиімді нәтижеге жеткізетін заманауи тәсіл. Біз үшін бұл – тың тәжірибе. Заманауи бағыттардан қашпай, керісінше, соны игеріп, еліміздің спорт жүйесіне енгізу маңызды. Үйренеріміз де, үлгі аларымыз да өте көп.
-«Барыс» клубының түлегі Інжу Жұмажан – дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының үш дүркін жеңімпазы. Бұл – сіздің мақсаттың жарқын көрінісі. Жақында ол әлемдік аренада ел намысын қорғамақ. Інжу сияқты шалғайдағы ауылдан шыққан мықты спортшыны тәрбиелеу, оның әлемдік ареналарға шығуы – тек талантты бала ғана емес, ұстаздың да еңбегі. Сіз үшін ұстаз қандай болуы керек, оның рөлі неде?
- Иә, расында да Інжу қызымыздың жетістігі – біздің мақсатымыздың, еңбегіміздің айқын көрінісі. Егер шалғай ауылда спорттық үйірме ашылмаса, бұл мүмкін болмас та еді. Інжу 2017 жылы біздің үйірмеге келді. Сол жерде ол алғашқы жаттығуларын бастап, ұстазы Тұрар Ризуановтың жетекшілігімен спорттық әліппесін үйренді. Інжу нағыз еңбекқор, жан-жақты мықты спортшы болып қалыптасты. Тұрар Ризуанов Исатай ауылына барып, сол кездегі ауыл әкімі Ұлболсын Қабиболлақызының қолдауымен жаттығу залын ұйымдастырды. Міне спортта тек жаттықтырушы емес басшылардың да қолдауы аса маңызды. Бұл бірлескен еңбектің нәтижесінде Інжу бағындырды, өз жолын тапты. Кейін бапкері Тұрар өзі келіп: «Ағай, Инжуге аудан ішінде қарсылас жоқ, оны облысқа алып кетейін, сонда спортты одан әрі жалғастырсақ» деп ұсыныс тастады. Мен бірден келісіп, ондай дарынды спортшыларды іште қалдырмай, қолдау керегін айттым. Солайша Інжу қалада өз білімін жетілдіріп, әлемдік аренаны бағындыруға дайындалып жатыр. 26-31 тамызда Болгария, София қаласында әлем чемпионаты, 11-12 қыркүйек Индонезия, Джакарта қаласында Азия чемпионаты, ал қазан айында Бахрейндегі Азия ойындарына қатысу жоспарланған. 2010 жылғы Інжу 2008 жылдары күресіп, солардың арасында Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанған. Ал қазір Тұрар Ризуанов облыста жасөспірім қыздар арасында аға жаттықтырушы ретінде қызмет атқарып жатыр. Біздің жаттықтырушыларымыздың көпшілігі әртүрлі спорт мектептері мен клубтарда жемісті еңбек етуде. Сол кезде шымкенттік Жанпейіс ағайдың сөзі есіме түседі: «Дарынды бала әрқашан шығады, тек оны бағыттай білетін бапкер керек» деген еді. Сондықтан талантты балаларды тек табу жеткіліксіз, оларды дұрыс баптап, дайындау жаттықтырушының шеберлігі мен тәжірибесіне байланысты. Мен де осы ойға қосыламын. Кейбір жаттықтырушылар тәжірибесі аз болса да, спортқа құлшынысы жоғары, балаларға жанашыр, жан-жақты жұмыс істейді, ата-анамен байланысы мықты болады. Мысалы, Асланбек Аронов – волейбол жаттықтырушысы, балалармен жақсы жұмыс істейді, ата-анамен де байланысы мықты, әсіресе әлеуметтік желілерді де тиімді пайдаланады. Оқушылардың жетістігін, жаттығу барысын үнемі назарға қояды. Сондай-ақ әдіскер Шынар Рахметова жаз бойы балаларды дайындыққа шақырып, үздіксіз еңбек етеді, әлеуметтік желіге жарияламаса да бірақ мықты жұмыстанады. Бапкер заманауи болуы тиіс, жан-жақты дамуы қажет. Уақытпен ғана шектеліп, тоқтамау керек. Әрине әр ұстаздың өз ерекшелігі бар, мысалы футбол бөлімінің жаттықтырушысы Талғат Қожасов ағайдың методикасы көп ұстазға үлгі. Сондықтан жаттықтырушы ұстаз ретінде шыңдалып, талмай еңбектенуі қажет. Шалғайдағы ауылда отырса да, миында шекара болмай, алысты ойлап, балаларға шынайы жанашыр болып, спортқа баулу маңызды. Жұмысқа тек айлық ретінде қарамау керек. Мүмкіндіктер көп, және Інжу – сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланған жарқын мысал. Сондықтан жаттықтырушылар ұйықтамауы керек. Шалғай ауылдарда қаншама талантты балалар бар, олар түрлі лига жарыстарында көрінеді. Жаттықтырушылардың ең басты мақсаты – тек қана жақын жетістіктерге қанағаттанбай, алысқа көздеп, шекарасыз ойлай білу. Шынайы табысқа жеткен спортшылар әрдайым өздерін шектемей, жаңа белестерді бағындырады. Мысалы, армрестлингтен әлем кубогында ел намысын асқақтатып жүрген Қамысқаладан Кайрушев Асылан мен Аққыстау ауылынан шыққан Супыгалиев Медет – баршамызға үлгі. Олар тек күш пен төзімділікке ғана емес, табандылыққа, мақсатқа жетудегі жігерге де сенетінін көрсетті. Мұндай спортшылардың жетістігі жас буынға шабыт беріп, үлкен армандарға ұмтылуға итермелейді. Сол себепті әр жаттықтырушы өз шәкіртінің ойына шекара қоймай, үлкен мақсатқа жетуге мүмкіндік беруі тиіс.Сол себепті спортқа келгенде жүрек, мінез, адалдық, табандылық басты критерий деп білемін.
- Ашық әңгімеңізге рақмет. Сіз айтқан ойлар тек біздің аудан спортшылары үшін емес, барша жас таланттарға шабыт береді. Ұстаздардың еңбегі мен балалардың табандылығының арқасында жарқын жетістіктер шығатынына сенеміз.
Сұхбаттасқан
Жайна МӘЛІМҚОЖА
Сұхбаттасқан: Жайна МӘЛІМҚОЖА


