АУЫЛ ӘКІМДЕРІ – ШАЛҒАЙ МЕКЕНДЕРДЕ

Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, ауданда ауылдық округ әкімдерінің шалғай елді мекен тұрғындарымен кездесуі ақпаннның алғашқы аптасынан бастау алған еді.

Олардың алғашқыларының қатарында Зинеден ауылдық округі әкімі Ерлан Махсотов 2 ақпанда округтегі шалғай елді мекен – Амангелді ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар құлау қаупінде тұрған электр бағаналарын қалпына келтіру, елді мекен ішін тегістеп күреттіру қажеттігі жөнінде өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Ақпанның 2-сі күні округке қарасты Жасқайрат елді мекені тұрғындарымен жүздескен Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденова өткен жылы болған тоқсан сайынғы кездесулерде берілген ұсыныстар мен жоспарлы негізде атқарылған жұмыстар жайынан есеп беріп, биылға жоспарланған жұмыстардан да хабардар қылды. Тұрғындарды елді мекен үшін маңызға ие ұсыныстарды бірлесе атқаруға шақырған әкім осынау қонысқа жақын отырған шаруа ауылдарда да болып, Ел Президентінің биылдан бастап ауыл халқының табысын молайту үшін 2,5 пайызбен несие алып, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша мал өсіріп, оның өнімдерін өңдеу арқылы нәсіп табамын деген ауыл тұрғындарына кәсіппен айналысуға толық мүмкіндік жасалатынын, тек ерінбей еңбек ету керектігі туралы тапсырмасын түсіндіріп өтті.

Ал келесі күні округ орталығы Х.Ерғалиев ауылынан 15 шақырымдай қашықтықтағы Ауқайраң елді мекені аумағында тұратын тұрғындарды аралап, жағдайларын білген округ әкімі біраз жайтқа назар аударды. Белгілі болғанындай, қазіргі кезде шаруа баққан ауылдарда малдың алды төл бере бастаған. Қыстың алғашқы екі айының шаруаға жайлы болуы қыстақтағы жем-шөптің көп шығындалмауына да септескен екен. Тұрғындар тек каналдағы су суалып қалмаса дегенді айтады. Округ әкімі болса, Төменгі Жайық суландыру бөлімшесінің «ҚазСуШар» мекемесімен тығыз байланыста болып, бөлінген бюджет қаржысына судың тиісті мөлшерде айдалуын қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT