Ш.Шәріпов балалар саз мектебінде орналасқан №139 сайлау учаскесінде зейнеткер, теміржол саласының ардагері Шолпан Айсұлтанова өз азаматтық таңдауын жасап, дауыс берді,-деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті.
1971 жылдан бері Теміржол мөлтек ауданында тұрып келе жатқан зейнеткер бұл саяси науқаннан үлкен үміт күтетінін жасырмады.
– Бұл сайлау ауылымыздың өсіп-өркендеуіне, ең бастысы, біз секілді зейнеткерлердің де тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етеді деп сенемін. Сондай-ақ, қазіргі жастардың жұмыссыз бос жүрмеуі үшін дауыс бердім,-деді ол ағынан жарылып.
№139 сайлау учаскелік комиссиясының төрағасы Ербол Ахтановтың айтуынша, бұл учаскеде барлығы 932 сайлаушы тіркелген. Олардың ішінде 11 адам – мүгедектігі бар жандар, ал 13 тұрғын үйден дауыс беру үшін өтініш берген. Сонымен қатар ең егде сайлаушы – 1931 жылы туған қария.
Ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық ұстанымын білдірген ардагер апаның бұл қадамы – жастарға үлгі.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ