Жыл сайын елімізде күз мезгілінің үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылық қызметкерлер күні аталып өтіледі.
Бұл мерекенің сары күздің соңғы күніне қойылуы да тектен-тек емес. Өйткені жыл бойына еңбекпен табылған жемістің қорытындысы көрсетіліп, еңбек адамдарының да жұмыстары бағаланады. Олардың мерейлері тасып, еңбекке деген ынтасы артып, құлшыныс көбейеді, әрі өзгелерге үлгі болады. Міне, жұма күні осындай жиынды салтанатпен аудан әкімі Нұрым Мусин ашып, ауыл шаруашылығының өркендеуін тілге тиек етіп, экономикалық өсімді тізбектеп өтті.
Әрі ауыл шаруашылығы қызметкерлерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
-Құрметті ауыл шаруашылығының еңбеккерлері! Сіздерді кәсіби мереке – Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ауыл шаруашылығы – азаматтарымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Сіздердің тынымсыз, тіршілікке қажетті еңбектеріңіздің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор нық дамып келеді. Әрине, біз одан әрі еңбектеніп, еліміздің игілігі үшін әлеуетімізді арттыра беретін боламыз. Бар өмірін туған жерге арнап жүрген сіздерге табысты еңбек және төккен тердің жемісін көруге тілектеспін. Дендеріңізге саулық, бақыт, отбасыларыңызға береке тілеймін,-деді ол.
Сондай-ақ, аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласының дамуына, ауданның экономикалық және әлеуметтік саласының өркендеуіне үлес қосқан бір топ азаматтарды атаулы күнге орай марапаттап, медаль мен Алғыс хаттар табыс етті.
Алдымен облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының алғыс хатымен «Садихов» шаруа қожалығының иесі Қуат Садихов және «Мухашев» шаруа қожалығының иесі Рахымжан Мухашев ұлғыланды.
Келесі кезекте, ҚР «Ауыл шаруашылығы ардагерлер Кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісімен Теміртас Игліков, Исламғали Мардашев, Калима Сарсенғалиева, Асқар Казбеков сынды ауыл ардагерлері наградталды. Сонымен қатар аудан әкімінің алғыс хатымен жеке кәсіпкер Мелс Салихов марапатталды.
Одан бөлек, аудандық маслихаттың төрағасы Аманжол Рахметов атаулы күнге мерекелік құттықтау тілегін білдіріп, марапат легін жалғастырды. Аудандық маслихаттың алғыс хаты «Кулбалиев А» шаруа қожалығының иесі Аманжол Кулбалиевке табысталды.
Жиын соңында ардагерлер ақ батасын беріп, өздерінің шынайы ризашылықтарын жеткізді.