Ауыл шаруашылығының қазіргі халі қалай?

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Расында да, еңбек еткеннің көп белесті бағындырары анық. Еңбекпен есейген мұқым елдің баласы мұны жақсы білсе керек. Иә, сондай ерен еңбек пен маңдай терді қажет ететін саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Ел экономикасының негізгі драйверіне айналуы тиіс ауыл шаруашылығының қазіргі халі қалай?

Ауданның әл-ауқатын көтеретін, ырысын кіргізіп, берекесін арттыратын, тынысын ашатын басты сала – ауылшаруашылығы. Айта кетейік, жазық даланың қойнау-қойнауын қоныстанған ел-жұрт төрт түлік малымен күндерін көруде. Суармалы егістік жерлері бар дәнді  дақылдар өсіруде. Бұл саланың түйінді жайлары да жетіп артылады. Қазақстан аграрлы мемлекет қатарына жататындықтан, ел экономикасын өркендету ісінде басты салмақтың бірі ауыл шаруашылығы мамандарына түсетіні сөзсіз. Осы орайда аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қадіржан Ермұхановпен аз-кем әңгімелескен едік.

– Ауыл шаруашылығы – салмақты сала. Жуырда қабылданған жағымды жаңалық көпті қуантқаны анық. Ауылдағы ағайынның, бір сөзбен айтқанда,  шаруа жайы қалай?

- Биыл аудан бойынша 247 шаруақожалығы нақты жұмыс жасап тұр. ҚР АШМ-нің «Ауыл шаруашылығы министрінің асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына» сәйкес және шаруагерлерді қаржылай қолдау мақсатында аудан бойынша 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін  мал бастарын асылдандыру, түрлендіру үшін 30 шаруашылыққа 30 млн 047 мың теңге, асыл тұқымды  мал  бастарын  сатып алу үшін 16  шаруашылыққа 7 млн 650 мың теңге,  жалпы сомасы 37 млн 697 мың теңге субсидия төленді. Ауылшаруашылық жұмыстарын өз деңгейінде, толыққанды жүргізу үшін жаңа трактор, техниканың ролі орасан. Осы орайда, ауылшаруашылық техникаларын жаңарту мақсатында 2 трактор тіркемесімен бірге сатып алынды.

– Мемлекет басшысы жолдауында айтып өткендей, ауылшаруашылық саласына аса дең қойылып, түрлі талап пен міндет жүктеді. Осы мақсатта мемлекеттік бағдарламалардың орындалысы қалай?

–Сөзіңіз өте орынды. Қазіргі заманда тәуекелге бел буып, мемлекет  тарапынан берілген әр мүмкіндікті қалт жібермеу керек. Қазақта «Темірді қызған да соқ» дегендей белгілі бір дұрыс тетікті пайдаланып қалған дұрыс. Осы орайда біздің ауданның бірқатар жастар да қалыс қалмай, нәтижесінде «Жастар» бағдарламасы арқылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалы арқылы 11 жас кәсіпкерге жылқы малдарын сатып алу үшін 47 миллион 260 мың теңге 2,5 пайызбен несие алған еді. Қазіргі таңда, осы жастар кәсіптерін өрге домалатуға барынша жұмыстанып, қызығушылықтары артып, белсене білек сыбана кірісуде.

–Тұрғындардың табысын арттыруды мақсат тұтқан тың жобаның біріне тоқталып өтсеңіз?

– Бұл бір көптің көңіліне қуаныш ұялатқаны рас. «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыру үшін 2023 жылға облысқа 3 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Микрокредиттерді беру үшін сенім білдірген өкіл ретінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалы арқылы іске асырылатын болады. Микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда – 2,5 (мың айлық есептік көрсеткішке дейін, зәкірлік кооперацияны дамыту үшін – 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін. 
 Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Несие аларда кепіл қамтамасыз етудің болуы міндетті. 
Осы аталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жылқы, түйе, ірі қара малдарын сатып алуға  «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ арқылы  10 кәсіпкерге 57 250 000 мың теңге несие берілген болатын. Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне үлесін қосып жүрген азаматтар қазіргі кәсіптерін бастап, ұршыққа иіруде.
 
 – Аудандағы көп шаруагерлердің басты мәселесіне айналған су келетін каналдардың жайы қалай?

– Аудан аумағынан жалпы ұзындығы шамамен 222,2 км болатын 4 ірі (суару-суландыру жүйесі) канал өтіп жатыр (Нарын, Бақсай, Сборный, Кобяково-Забурын). Олардан бастау алатын ұзындығы 107 км құрайтын 5 шағын Қызыл үй, Есіркеп, Жасқайрат, Ақай, Марташи каналдары бар. Барлық каналдар «Қызыл үй» каналын қоспағанда «Қазсушар» ШЖҚ РМК Атырау филиалының меншігінде.   Осы жыл бойынша аудан аумағындағы Бақсай, Нарын, Сборный және   Кобяково-Забурын суару-суландыру жүйелерін сумен толықтыру үшін аудандық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, бекітілген кестеге сәйкес каналдар сумен толықтырылуда.

– Бұрынғы жылдары «чемпион қойшы» дегенді ел аузынан естіп, тіпті басылым бетінен жарыса жазылған шопандарды жиі оқушы едік. Ал, қазір осындай бағытта шаруагерлермен тығыз байланыс орнатасыздарма. Ет, сүт өнімдері туралы не айтар едіңіз?

– Сөздің шыны, бұрын совкоз кезінде шаруагерлер арасында төл алу науқаны деген жоспарлар болды. Ал қазір бәрі жеке болғаннан кейін бұндай деректер бізге көп айтыла бермейді. Айта кетейік, аудан бойынша қой басы мол шопанды облыстық «Үздік шопан» байқауына ұсыныс берілді. Белгілі комиссия мүшелері құрылып, ішінара анықталып, қортындылайтын болады. Байқау жеңімпазына облыстық мәслихаттың тағайындалуымен С.Дәулетқалиев атындағы арнайы жүлдесі бар. Сонымен қатар, жоғары да айтып өткеніңіздей, ет-сүт өнімдері өндіретін біздің ауданда ферма, зауыт деген жоқ. Ауыл тұрғындар арасында жеке шаруақожалықтары өз бағаларымен бағамдап, сатып отырады. Қазіргі кезде шаруагерлер өз алдына жеке қожалық болғандықтан, бізге ет-сүт өнімі бойынша жекелей тіркелмейді.
                                                                                                                
                                                                                                              –  Әңгімеңізге көп рахмет!

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521