АУЫЛ ТЕАТРЫ АЯҒЫНА ТҰРА АЛА МА?

 

Күні кеше Көкше жерінде өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқаратынына тоқталғанынан, ол бойынша тиісті орындарға тиісті тапсырмалар бергенінен әркім де хабардар болуы керек. Президент онда елімізде театр өнеріне деген қызығушылық өсіп келе жатқанын алға тартып, өңірлердегі театрларды дамытуға әрі бұл іске бизнес өкілдерін белсенді атсалысуға шақырды. 

Әрине, әңгіме ауылдық жерлердегі театрлар туралы емесі өз-өзінен түсінікті. Десек те Мемлекет басшысының сөзі көкейдегі біраз жайтты сыртқа шығаруға түрткі болған жайы бар. «Керек тастың ауырлығы жоқ» дегенді айтқан да өз қазағымыз емес пе?

Бұл кешегі бір өнері мен мәдениеті өрге жүзген, іргелі шаруашылық орталығы боп та тірлік түзген бүгінгі Тұщықұдық ауылындағы Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйіне қарасты Аққыстау халық театры хақында еді. Бір жолы аталмыш өнер ұжымы басшысы, театр режиссері Фаруза Рахметовамен ауыл, ауданның мәдени өмірінде өзіндік орны бар театрдың кешегісі мен бүгіні хақында әңгіме-дүкен құрғанымыз бар-ды. Сол сұхбаттасуымызда өнер ұжымы басшысы оның алғаш қандай еңбекпен құрылғанынан бастап, ауыл-аудандағы тәрбие ісіне қаншалықты үлес қосқанына жан-жақты тоқталған.   

«Иә, ол әдебиеті мен өнері тереңнен тамыр тартқан, ұрпақтар сабақтастығымен сол дәстүрді бүгінге жалғап жатқан өңірдің маңдайына біткен жалғыз театры осы екенін ерекше екпін қоя айтқан. Соны айтқанда оның бұл лебізінен ерекше бір мақтаныш сезімін де сезінгендей болып едік. Театр ауыл шаруашылығына айрықша мән берілуімен алғаш кеңшарлар құрыла бастаған уақытта шаруамен бірге халықтың рухани-мәдени талабын да қанағаттандыруды көздеген үкімет әр ауылға клуб салуды міндеттеуінен тамыр алған. Осы клубтарда көркемөнерпаздар үйірмелері құрылып, жұмысы жолға қойылады. Олар екі жыл сайын ауданға шығармашылық есеп беруге де міндеттеледі. Бір кездегі «Молотов» ұжымшарының клубында ұйымдасқан драма үйірмесі мүшелерінің «Текке кеткен ет» пьесасына режиссерлік еткен Ғатау Рамазанов ағамыз кейін «Молотов» және «Чапаев» ұжымшарларының бірігуімен кеңшар құрылғанда екі ұжымшардың көркемөнерпаздары бірігіп, үлкен шығармашылық ұжымға айналғанын айтып отырады екен. Бұл кезде «Текке кеткен ет» пьесасынан әсерленген чапаевтық өнерпаздар «Ақырзаман аңызы» пьесасын сахналауға жұмыстанып жатады да, соған Ғатау ағамыз режиссерлік етеді. Негізгі рөлдерде Алтын Біләлова, Қайырболат Стамғазиев, Нариман Үлкенбаев, Зейнолла Нұрсұлтанов, Бейсен Жұмағалиевтар ойнаған қойылым 1959 жылғы аудандық байқауда бірінші орын алған. «Сол кездегі Аққыстау ауылында драма үйірмелерінің жұмысы осылай жанданып, ол біздің халық театрының іргетасы қалануына зор ықпал жасады деуге толық болады. Сөйтіп, 1966 жылы драматург Б.Қорқытовтың «Ақбөбек» драмасын сахналаған драма  ұжымының  орындаушылық  шеберліктері  жоғары  бағаланып, 1967 жылғы 11 қарашада Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің қаулысына сәйкес, драма ұжымына «Халық театры» атағы берілді. Ғ.Рамазанов пен Н.Үлкенбаев негізін қалап, режиссерлік еткен халық театры, одан кейін Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты», О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра», Б.Майлиннің «Жалбыр», Б.Тәжібаевтың «Ана жүрегі», З.Ақышевтың «Жаяу Мұса», О.Бөкеевтің «Құлыным менің», С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал» және басқа да спектакльдер шығарды. Спектакльдерді әуенмен әрлеген сазгер, ұлағатты ұстаз, халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ ССР-на еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шәмшиден Шәріпов, рөлдерді сомдаған Дариға Ахмедиярова, Ризуан Қойшиев, Серік Қинешов, Қабиболла Мұханбетов, Ұлжан Хабидуллина және басқа да театр әртістерінің шеберлігі, қабілет-қарымы, еңбекқорлығы театрдың іргетасын қалады десек те болады. Қазір ойлап отырсам, содан бері екі жүздей ірілі-ұсақты қойылымдар сахналанды» - дейді Фаруза Рахметова. 

 

 

Мұны неге айтып отырмыз? Оған себеп, сол уақыттағы ауыл, аудан басшылығының жанашырлығының арқасында осындай жұмыстар жасалып, театрдың жетістіктері жұртқа жария болғаны. Өнер ұжымындағы осындай жұмыстардың нәтижесінде ауыл тұрғындары, одан тысқары жерлердегі өнерсүйер қауым да рухани азыққа қарық болды да қалды. Ауыл, ауданды былай қойғанда Аққыстау халық театры туралы Атырау аймағындағы дүйім ел хабарлы болып қалды десек өтірік емес.

Енді, кейінгі уақытта аталған ұжым 3-4 жылда бір рет халықтық атағын қорғап қалу үшін қызмет қылып келеді десек болады. Бұл да өтірік емес. Қараңыз, театр 2007 жылы Ә.Әбішевтің «Белгісіз  батыр», 2011 жылы  Қ.Әлімқұловтың «Жүгініс түні жеткенде» қойылымдарымен, 2014 жылы Қ.Ысқақтың «Мазар» екі бөлімді  драмасымен атағын қорғады. 2017 жылы Б.Мұқайдың бір бөлімді «Ерулік» пьесасын, 2020 жылы Д. Бисембекұлының «Перзент» бір бөлімді, үш көріністі драмасын халықтық атақты қорғап қалу үшін сахналады.

2013 жылы Б.Қорқытовтың «Қазақ солдаты» драмасынан үзінді балалар драма үйірмесі мүшелерімен  дайындалып, балғын өнерпаздарымыз «Шынайы шымылдық» атты халықтық театр және «Халықтық» атағынан үміткер драма  ұжымдарының облыстық байқауында  жоғары  деңгейде  өнер көрсетті. Бұдан кейін әр жылдары сахналанған «Балшық бала», «Айлакер түлкішек», «Мақтаншақ қыз» халық ертегілеріне де балғын өнерпаздар тартылған. 2017 жылы Құрманғазы ауданындағы Киров халық театрының 50 жылдығына арналған «Театр – сарқылмас қазына» атты аймақтық халықтық театрлар фестиваліне С.Балғабаевтың «Құдағилар» бір актілі пьесасын дайындап барған ұжым 3-орын иеленіп оралды. Театр әртістерінің 2020 жылы М.Түсіповтің «Мәкен қыздың дауы» («Абай жолы» роман-эпопеясының желісі бойынша) бейнефильмін дүниеге әкелуі де оңды шаруаның бірі болды деуге келеді.

Театр ұжымы кейінгі жылдарда Б.Қорқытовтың «Жарайсың, шалым!» екі бөлімді комедиясын, А.Әуезханұлының «Заман азып не қылсын» драмасын, А.Галиннің «Қайран, жас дәурен» үш көріністі мелодрамасын, Б.Мерекенованың «Заманың түлкі болса» үш бөлімді трагикомедиясын және басқаларын сахналады.

Сөйткен халықтық ұжымның қазіргі тірлігі қиындау. Өнерге жақын, соған жаны ауыратын, қолынан келсе қолдауға әзір тұратын, өнер құдіретін терең түсінетін, ауыл, аудандағы осы бір жалғыз театрдың жұмысы жанданса екен деп қойылымдарға қатысуға ниетті тума таланттар арқасында атағын қорғап келеді.

Мәдениетке қатты көңіл бөлінген, театрға жанашырлық мол жылдар да өзіне берілген образды сомдауы үшін әр салада қызмет етіп жүрген адамдарды, ол шаруашылықта, денсаулық сақтау саласында, мұғалімдік қызметте болсын, сол жердегі басшылар жұмыстарынан белгілі бір уақытқа босатып, қолдау көрсетіп отыратын. Қазір ол жоқ. Театрға режиссер, режиссердің ассистенті, қоюшы-суретші сияқты үш штат берілген, шапқылайтын осы үш маман ғана.  Режиссердің өзі айтқандай, материалдық база тағы жоқ.

Әр істің өз ерекшелігі бар. Театрда ірілі-ұсақты сахналық қойылымдарда образға сай ойнауы үшін, соның ішінде күрделі бейнелерді сомдауы үшін кәдімгідей дайындығы бар әртістер қажет. Сондықтан бірді-екілі болса да актер, актриса, бет әрлеуші, тағы басқа штаттар болса екен деп армандайды режиссер.

Ақыры ел ішінен шыққан өнерпаздармен жұмыс жасағаннан кейін қиыншылық та көп. Қазір кім тегін жүріп-тұрады. Бәрі қаржыға келіп тіреледі, яғни қойылымға шақырылған кей өнерлі жандар еңбегінің ақысын сұрайды. Айтса олардыкі дұрыс, бәрі тап-таза еңбек. «Жасырып қайтейін, оларға өз қалтамнан төлеген күндерім де болды» дегені бар режиссердің сол жолы...

Құрылтайда қозғалған театр тақырыбы халық театрына қамқорлық керек қой деген ойымызды тағы тірілтті. Президент айтқандай, елімізде театр өнеріне қызығушылық өсіп келе жатқанын ескерсек, аталған өнер ұжымының адамдардың рухани дүниесін байытуға молынан үлес қосары сөзсіз. Ол үшін халық театры алдымен аяғына тұруы керек-ақ. Оған не керек, ойласар жайт - осы.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT