Ауыл тынысы мен махаббат тамыры - сахна төрінде

Суреттер автордікі

 

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры Исатай ауданына гастрольдік сапармен келіп, жергілікті жұртшылыққа мазмұнды мәдени кеш тарту етті. Театр ұжымы көрермен назарына жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Мейірім» шығармасы желісімен қойылған «Кішкентай ауылдағы үлкен махаббат» атты спектаклін ұсынды.

 

 

Режиссер Жұлдызбек Жұманбай сахналаған бұл қойылым – көрермен жүрегінен жол тапқан туынды. Қойылым көрерменге қазақы болмысты, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін, бала күннің аңғал сезімдері мен алғашқы махаббаттың шынайылығын жан жүрегімен сезінуге мүмкіндік берді.

 

 

Қойылымның композиторы – Шәмші Күзенбай, сахна көркемдігін келістірген суретші – Тимур Қоесов. Театрдың көркемдік жетекшісі – Темірбек Мұхтаров. Рөлдерде Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының талантты актерлері өнер көрсетті.

 

 

Олар өз кейіпкерлерінің жан дүниесін шебер жеткізіп, көрермен ықыласына бөленді.

 

 

Кеш соңында көрермен әсерін бөлісіп, пікірлерін білген едік. Ауыл тұрғынының бірі қойылымды өткен күнмен байланыстырды:

— Көңіл толқытар қойылым болды. Ауыл өмірі, балалық шақ, алғаш махаббат – бәрі бізге таныс, жүрекке жақын. Әсерлі сахналар мен шынайы сезім бізді өткенге саяхаттатқандай болдық. Былайша, сонау жетпісінші жылдардағы нағыз біздің махаббат көрінісі болды. Хат жазу, есік қағып қашып кету сияқты эпизодтар жүрекке жылы тиді. Сол уақыттың иісін сезіндік. Бірақ кішкене әр бөлімнің арасындағы байланыс әлсіздеу болды. Қойылым тартымды болғанымен, сахналық тұтастық жағынан әлі де пысықтауды қажет етеді деп ойлаймын, – деді аудан тұрғыны Гүлбану Кабулова.

 

 

Бұл пікір көрерменнің қойылымға бейжай қарамағаны, оны жүрек сүзгісінен өткізіп, көркемдік тұрғыдан да саралағанын аңғартады.

 

 

Көркемдігі жоғары, мазмұны терең қойылым аудан жұртшылығы үшін шынайы рухани жаңғыруға айналды.

 

 

Ол туралы кеш соңында аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали тілге тиек етіп, театр ұжымына аудан әкімі атынан Алғыс хат пен сыйлықтарын жеткізді.

 

 

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT