Кеше ауылымызда ерекше серпін мен шаттыққа толы күн болды. Кешкісін үлкен-кіші жиналып, 3 және 5 шақырымдық жүгіру марафонына қатысуға асықты. Бұл тек спорттық сын емес, ауыл тұрғындарының бірлігін, жастарының жігерін, ал ардагерлердің қайратын паш еткен мерекелік шара болды.
5 шақырымдық жарыста қыздар арасынан мәре сызығын бірінші болып Ісемғалиева Аружан кессе, екінші орынды Мұхтарова Жайдарман, үшінші орынды Камалова Нұршат иеленді. Ұлдар арасында Шапихов Бекзат топ жарды, ал Серікқали Нұртілеу мен Қилымов Нұртілеу жүлделі орындарды бөлісті.
Қысқалау 3 шақырымдық қашықтық та аса тартысты өтті. Қыздардан Заманғалиева Жұлдыз жеңіске жетіп, екінші орынға Тілек Төлезия, үшінші орынға Арыстанова Римма тұрақтады. Ұлдардан Ерболат Дулат мәре сызығын бірінші болып кессе, одан кейін Жақсығали Азамат пен Қадыржан Мұхаммедали келді.
Жарыстың ең шабытты бөлігі – ардагерлер сайысы болды. Жасы жетпісті еңсерсе де, спорттан қол үзбеген ағалар мен апалар көпке үлгі көрсетті. Бұл сында Насимуллин Ерболат жеңімпаз атанып, Қанатбаева Зоя мен Ахмеджанова Дина жүлделі орындарға ие болды.
Шара соңында жеңімпаздар мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Әсем әуен мен көтеріңкі көңіл-күй ауылдың тынысын жаңғыртып, марафонды нағыз спорт пен бірліктің мерекесіне айналдырды.
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА