АУЫЛДА ӨТКЕН «АУЫЛ ШАТТЫҒЫ» БАЙҚАУЫ Шәмшиден шығармаларын насихаттады

«Жалын» мәдениет үйінде  әуесқой композитор, халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ ССР-іне еңбегі  сіңген мәдениет қызметкері, домбырашы, ұстаз Шәріпов Шәмшиден Дәулетұлының 100  жылдығына және Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің құрылғанына 45 жыл толуына орай Атырау облысы білім беру басқармасына қарасты аудандық  білім бөлімі мен саз мектебі ұжымының бірлесіп ұйымдастыуымен облыстық «Ауыл шаттығы» домбырашылар байқауы өтті. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде жас өнерпаздар сайысқа түссе, екінші бөлімде салтанатты кеш болып, жеңімпаздар марапатталды.

Аталмыш облыстық додаға Махамбет, Құрманғазы, Жылыой, Исатай аудандарынан және Атырау қаласынан жас орындаушылар қатысып, өз бақтарын сынады. Байқаудың басты көздеген мақсаты- өскелең ұрпаққа Шәмшиден Шәріпов күйлері мен шығармаларын насихаттап, балалардың көркем  шығармаларға деген құштарлығын  арттыру әрі орындалу мәдениетінің  қалыптасуына атсалысу, сондай-ақ, аспапта ойнау, дәстүрлі күй өнерінің  мәртебесін арттырып, ұрпақ санасына  сіңіру және осы өнер түріне  балалар ынтасын ояту.

Осындай мақсатты ұстанған байқауға облыстың әр өңірінен барлығы 11 жас өнерпаз қатысты. Олардың бәріне де сайыс шарты бойынша Ш.Шәріповтың «Ауыл шаттығы» атты күйі мен өзі таңдаған екі шығарманы орындау тапсырмасы берілді.

Жас өнерпаздардың өнерін бағалап, әділ бағасын беруші қазылар алқасының құрамында күйші, бүкілодақтық  конкурстардың лауреаты, Ш.Шәріповтың  шәкірті Байболат Ғилажев, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан күйшілер  одағының мүшесі, бүкілодақтық және республикалық  конкурстардың лауреаты, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Құттыгерей Дүйсеев, домбырашы, республикалық конкурстардың лауреаты Гүлжан Құлғалиева және Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің түлегі, Дина  Нұрпейісова  атындағы  халықтық музыка академиясы, Атырау музыка колледжінің  домбыра  пәні мұғалімі Нұргүл  Хинекина  мен Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің директоры Ербол Ақтанов болды.

Байқауға арналған салтанатты кештің екінші кезеңінің шымылдығын жас өнерпаз бүлдіршіндерден құралған хор ансамблі Ә. Әбдінуровтың «Асқабақ», «Әтеш»  деген әндерімен ашты.

4b3f37a7-53b4-4be2-af84-54eb9b339496

Алғашқы болып аудан әкімі Полымбет Хасанов сөз алды.

 

–Қайырлы күн, құрметті өнерсүйер қауым, қадірменді қонақтар! Мәдениет – ұлттың рухани қазынасы. Елдің өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір. Осы жолда тынымсыз еңбек ету, халықтың жүрегіне өнер арқылы  жол табу үлкен ерлікті талап етеді. Өнер жолында қызмет еткен және еңбек етіп жүрген аяулы ұстаздарымыздың мерейтойына жиналып отырмыз. Исатай ауданы қай кезеңде де өнер майталмандарына, ақындар мен күйшілерге кенде болмаған. Солардың бірі де бірегейі – Шәріпов Шәмшиден Дәулетұлы. Ол Чапаев селосындағы мектепте ұстаздық ете жүріп, ауыл мәдениетінің дамуына зор үлес қосты. Елімізге танымал күйші, домбырашыларды тәрбиелеп, 1959 жылы ауданда әуесқой халық аспаптар оркестрін, 1967 жылы «Балдырған» балалар оркестрін құрып, музыка мамандарының жоғары бағасын алды. Ұстаздықпен қатар композиторлығымен де танылып, артына үлкен мұра етіп күйлері мен әндерін қалдырып кетті. Осындай еңбектері ескеріліп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Аққыстау балалар музыка мектебіне Ш. Шәріповтың есімі берілді. Бүгінде аталған саз мектептің құрылғанына –45 жыл, Ш.Шәріповтың туғанына 100 жыл толып отыр. Баршаңызды осы қос мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Ш.Шәріпов атындағы  балалар саз мектебі қазіргі уақытта облыстағы алдынғы қатарлы саз мектептердің бірінен саналады. Шәкірттері – республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері. 300-ге жуық оқушы қосымша білім алып жатса, 30-дан астам мұғалім балаларды өнер жолына баулуда. Балаларымыздың бойына ұлттық өнерімізді дарыту мақсатында бүгінгі ұстаздар қауымы мен ардагер ұстаздардың атқарған еңбектері зор. Аталмыш шараға ардагер ұстаздарымыз құрметті қонақ ретінде, шақырылып қатысып отыр.

Шәмшиден Шәріпов атындағы балалар саз  мектебінің ұстаздары балаларды оқытумен қатар аудан мәдениетінің жоғары деңгейде көрінуіне үлес қосып келеді. Ауданда өтетін маңызды шаралар мен Атырау қаласында өтіп жүрген Исатай ауданының мәдени күндері шарасында осы саз мектебінің ұжымы белсенді түрде қатысып келеді. Баршаңызды тағы да қос мерей тоймен құттықтап, ұжым мүшелерінің жұмысына табыс тілеймін. Ауданымыздың мәдениеті қарыштап дами берсін,-деген аудан әкімі бұдан соң Салтанат  Бисембиева, Құралай Рыспаева, Гүлмира Қонарбаева, Перизат Самигуллиналарды Алғыс хатпен марапаттаса, «Шәмшиден Дәулетұлының 100 жылдығы мен  Атырау облысы білім беру басқармасының аудандық  білім бөліміне қарасты  Ш. Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің құрылғанына  45 жыл» мерейтойға арналған мерекелік төс белгісімен бір кездері саз мектебіне басшылық еткен ардагер ұстаздар, халықаралық сайыс жеңімпаздары мен шәкірттер марапатталып, мерейтойдың мазмұнын аша түсті.

 

Республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, үлгілі  «Балдырғандар»  домбырашылар ансамблі халық күйі «Секіртпені» нақышына келтіре орындап, жиылған жұртқа мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сондай-ақ, кеште аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева да муызканттарды мерекемен арнайы құттықтап, Ш.Шәріповтың ұрпақтары мен ұлағатты ұстаздарды аталмыш төсбелгімен марапаттады.

5cbeecfd-fed6-4fac-a214-c0a7084357eb

 

Таңертеңнен түске дейін өткен «Ауыл шаттығы» атты  облыстық  домбырашылар байқауының нәтижесінде Гүлден Дәукенбай (Махамбет ауданы), Аружан Қабежан (Атырау қаласы), Инабат Сайлау (Жылыой ауданы), Армангүл Төлеген (Исатай ауданы), Нұрайым Рахметолла (Атырау қаласы) Алғыс хат, «Ауыл шаттығы» күйiн ерекше, нақышына келтiре орындағаны үшiн байқау қатысушысы Амир Қапсихов және үздiк сүйемелдеушi Ольга Войтова, Эльмира Темірболатова арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Атыраулық Заңғар Бақтығұл мен Ш.Шәріпов атындағы саз мектебінің оқушысы Бекболат Демберген III opынды иеленсе, Амир Қaпсихов - II opын, құрманғазылық Нұрдаулет Нұрланов I орынға ие болып, Атырау қаласынан қатысушы Шыңғыс Арыстан бас жүлде иегерi атанды. Байқау жеңімпаздары  арнайы диплом және қаржылай сыйлықтармен ұлығыланды.

 

8602fde1-e3d9-4a11-9829-fb9c2b69fbc2

 

–       Байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырған Шәмшиден Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің ұжымына алғысымыз шексіз. Құрманғазы ауданынан арнайы келіп, өз бағымызды сынадық. Оқушымыз Нұрлан Нұрдаулет үздіксіз дайындығы мен ұстаздарының дайындауының арқасында жүлделі І орынға ие болып, қуанып жатырмыз. «Ауыл шаттығы» күйінен бөлек  «Шалқыма», «Байжұма» сияқты танымал шығармаларды орындады. Сонымен қатар, шарада Маңғыстау облысынан келген, аталмыш мектептің түлегі Гүлжан Құлғалиевадан арнайы жүлдені иелендік. Мектеп ұжымы мен Исатай ауданы тұрғындарын қос айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отыра, шығармашылық табыс тілейміз,-деді құрманғазылық Анар Қабдолова.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT