Кеше Исатай ауданының әкімі Марат Мурзиев Забурын және Исатай ауылдық округтері тұрғындарымен кездесті.
Зинеден ауылдық клубында оздырылған шараға аудандық мәслихат депутаттары, әкім аппараты өкілдері және дербес бөлімдер мен сала басшылары қатысты.
Жыл басында өңір әкімдерінің есебі кезінде халық тарапынан ұсыныған сауал-пікірлердің орындалуына арналған жиында аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы филиалының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрым Мусин мен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Өтегенов баяндама жасап, өңірдегі атқарылып жатқан оңды істерді саралап, шешімін таппай тұрған мәселелерді көпшілік талқысына салды.
Мәселен, қазіргі кезде аталған округ бойынша 168 мал басынан бруцеллез ауруы шығып, шаруаларға қолайсыздық тудырып тұр. Дегенмен, мал дәрігерлері мамандары қолдан келген барлық ем-шараны жасап, аурудың жаппай белең алып кетпеуі үшін жұмыстар атқарып жатыр. Ол үшін қажетті вакциналар алынған.
Ауыл тұрғыны Болат Құсайынов халыққа техникалық су керек деген мәселе көтерді. Өйткені, каналдарға су келмейді, келсе де ерте тартылып қалады. Ауыз су онсыз да сағатпен беріледі. Ол бау-бақша өсіруге, мал басын суаруға жетпейді. Егер ауыз суды үзіліссіз беруге мүмкіндік болмаса, техникалық су көзін қарастырғанымыз абзал. Теңіздің суы қыркүйек айында ғана тұщиды, әзірге ащы. Егер қолдағы мал басына ішуге су тауып бере алмасақ, онда малда өсім болмайды. Ал, ауылдағы адамның мал ұстамаса сәні не? – деп ащы да болса шын мәселені көтерді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ