Тарихқа жүгінсек, сол жүз жылдықтың бастауында әуелі Ресей империясының көші-қон саясатымен Орта Азияға орыс және украин деревняларынан жері жоқ шаруалар қоныстандырылды. Сонымен бірге кеңестік ұжымдастыру кезеңінің өзі Қазақстанға 250 мың шаруаны және алып келді. Елімізде өнеркәсіп кәсіпорындарын салуға да басқа республикалардан 1 миллионнан астам жұмысшы жеткізілді. 1937-1944 жылдары Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам жер аударылыпты. 1950 жылдардағы тың жерлерді игеруге байланыс-ты кең-байтақ өлкеге көшіп келушілердің кезекті толқыны тағы жетті. Осылайша, әр кезеңде Қазақстанға өз еркімен немесе мәжбүрлі түрде келгендердің барлығы да жергілікті қазақтардың қонақжайлығының, бауырмал-дығының, рухани және мәдени әдет-ғұрыптарының арқасында осы жерді сая тұтты. Айналғанда, олар үшін де Қазақстан туған еліне айналды. Бүгінгі таңда еліміздегі халықтар құрамына этникалық орыстар, өзбектер, ұйғырлар, украиндар, татарлар және басқа ұлт өкілдері сіңісіп кеткен болса, бұл - сөз жоқ, сол қазақтың қонақжай да бауырмал қалпының көрінісі. Ал ол осы күні олардың бүгінгі ұрпағының қазақ ұлтына алғыс айтуы арқылы айшықтала түсіп отырған да жайы бар.
Жалпы, бұл мереке көпұлтты елдің халықтары арасындағы достық, мейірімділік пен келісімнің көрінісін үлгі етуге бағытталып, ел тұрғындарының бір-біріне және қазақ халқына төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғысын білдіретін күн болып саналатындықтан да оның халықтық қалпы әу бастан айқындала түскені рас. Оған қазір өзіміз де куәміз.
Әрине, негізінен қазақтар қоныс еткен ауданымыздың ауылдарында өзге ұлт өкілдері некен-саяқ ұшырасады. Алайда, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңы мен отызыншы жылдарының бас кезінде бұл өңірге де әртүрлі ұлт өкілдері қоныс тепкені, болмаса, белгілі бір уақытқа қызмет қылуға келгені тарихи деректерден белгілі. Бұл, әріресе, денсаулық, білім беру салаларында басым болды. Осы үрдіс кейінгі жылдарда да түрлі себептермен жалғасын тауып отырды. Олардың қайсыбірі соңынан өз отандарына оралды, қалалық жерлерге қоныс аударғандары да баршылық. Ал осы жерде тұрақтап қалған бірен-сараны ауылдастарымызбен, яғни жергілікті қазақтармен бірге қоян-қолтық еңбек етті, ауыл-ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени тұрғыдан дамуына өз үлестерін қосты. Солардың бірі қамысқалалық Борис Борисович Таровский еді.
1938 жылдың 13 наурызында Ресейдің Москва облысындағы Михневский ауданының Вержилово поселкесінде туған, 4-5 жасар кезінде отбасылары Украинаның Киев облысындағы Федоровка поселкесіне қоныс аударып, сонда есейген украин жігіті Борис болашағы Қазақстанмен байланысарын ол кезде мүлде білмеген. Қатарымен әскерге аттанып, азаматтық борышын да аман-сау өтеп оралған жас сол уақыттың жастарына тән құлшыныспен комсомолдық жолдама иеленіп, КСРО сынды алып елдің түкпір-түкпіріне оқуға, еңбек етуге аттанып жатқан замандастарының қатарында Қазақстанды бетке алды. Сөйтіп, сол уақытта Новобогат селосында орналасқан, талапты жастарды кең профильді тракторшы, бульдозерші, автокран жүргізушілері сынды бірнеше мамандыққа даярлайтын кәсіптік-техникалық училищеден бір-ақ шықты. Оның кейінгі өмір жолы осы бір өңірде өрілді, тағдыры солай түзілді, осында Түңіл (Тоня) Хисменова есімді қазақ қызымен бас құрап, ұрпақ өрбітті, ауылдастарына Бәкең атанды.
Бірінде редакция тапсырмасымен Бори Борисовичке арнайы барып жолығып, сұхбаттасқаным да бар-ды. Сол жолы ғой, ол қазақтарға деген риясыз алғысын айтып, тілеулестігін танытып-ақ баққан. Кейін газет бетінде «Бәкең атанған Борис» деген тақырыппен көлемді мақала да жарық көрген еді.
Енді, міне, одан бері де араға 11жыл түсіп үлгерді. Аққыстау автокөлік кәсіпорнындағы озат жүргізушілердің бірі болған Борис аға да, ауылда медбике болып қызмет қылған жары Түңіл апай да бүгінде о дүниелік болған. Украин жігіті мен қазақ қызы отбасылық өмірде төрт перзент сүйді, өкінішке орай Людасы бірінші мүшелінде қайтыс болды да, қалған үш қызы аман-есен бойжетті, оқыды-тоқыды. Бүгінде Наташа – Жезқазғанда, Лида Балқашта тұрып жатыр, екеуі де отбасылы, қазақ жігіттеріне тұрмысқа шыққан. Ал Сәулесі туған ауылдан табан аудармады, қамысқалалық Айталиев Тұрғали есімді азаматпен көңіл қосып, Адай Тоқпанбет ауылына келін болды.
Бәкең марқұмның ұрпақтарының Алғыс айту күні сынды ерекше сәтте не айтары бар екен деген ой жетегіне ілескен біз қызы Сәуле Таровскаяға хабарласқанбыз. Бүгінде Х.Ерғалиев ауылында тұрып жатқан Тұрғали мен Сәуле екі ұл, бір қыз өсіріп, олардан немерелер сүйген бақытты ата-әже екен. Ашық-жарқын мінезді украин қызы «Қазақтар, соның ішінде Беріш Құлкештің Байгөлі менің нағашыларым ғой» деп қояды. Айтуынша, отбасы бүгінде ел қатарлы тірлік етіп жатыр. Асланбек, Бекзат, Әнсара есімді ұл-қыздарының бәрі адамасыл болған. Атыраулық Ұлболсын есімді бойжеткенмен көңіл қосқан Бекзаты қазірде қалада тұрады, олардан немерелері бар. Біз хабарласқанда сол қаладағы балаларының үйінде болып, телефон арқылы тілдесуге тура келген Сәуле Борисқызының ауылдастарына деген құрметі де бөлек көрінді. «Енді ше, алғаш осында келгенінде әкем Борис Борисович 22 жастағы жап-жас жігіт екен. Қазақтар жатсынбай қабылдады. Осында оқыды, мамандық алды, еңбек етті, үйленді. Біз де осында өмірге келдік, өсіп-өніп жатырмыз. Шүкір, жолдасым - мұғалім, өзім көбінесе балалардың қасындамын, бәрі жұмыста. Кейде ойлап қоямын, әкемді қонақжай қазақтар бауырына тартып, ол осында қалып қоймағанда қалай болар еді деп. Біздің ата-анамызды бауырларына тартқан, сыйлап, құрметтеген ауылдастарыма әруақыт алғысым шексіз, шын көңілден ризамын» дейді ол.
«Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, жамандықтар қашық болсын» деп риясыз көңілін де танытып қалған Сәуле Борисқызына біз де алғыс сезімімізді білдіре амандық тіледік.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР