«Жұмысшы мамандығы жылы» аясында Атырау қаласында «Елсана» рухани-патриоттық қауымдастығының «Шабыт шандозы» алаңында өткен жылы баспадан жарық көрген «Маңдай тер» кітабының кейіпкері - республикаға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызмет-кері, кеңестік қос орденнің иегері, Исатай ауданының Құрметті азаматы, жасы 90-ға таяған Жұмабай Мүтиевпен және кітапты жазған осы жолдардың авторымен кездесу ұйымдастырылды. Оған қатысқандар Жұмабай ақсақалдың тек еңбек адамы ғана емес, бітім-болмысы ерекше, көкірек көзі ояу, ойға жүйрік, бастан кешкендерін өрнектей жеткізетін сұңғыла азамат екенін де байқады. Қойылған сұрақтар да аз болмады...
«Қашқанда, қиындықтан қашқаным жоқ»
Кітапта бала кезімде колхоздың әртүрлі қара жұмыстарына көмекке барғанымда қашып кете беретінім де жазылған. Оны жазушыға өз аузымнан айтқам. Енді сіздер де сұрақ қойып отырсыздар. Мен он бір жасыма дейін оқығаным жоқ. Төрт жасымда, 1942 жылдың басында әкем Мүти соғысқа аттанып, хабар-ошарсыз кетті, артында үш бала қалдық. Анам колхоздың сиырын сауды. Соғыстың салқын лебі ерте есейтті. Отбасына пайдам тисін деп, колхоздың шаруасына көмектестім. Бұзау қайырдым, шөп шаптым, қой бақтым, егінге су айдауға бардым, жұмыс талғайтын заман ба? Соның бәрінде мен өзім тіленіп барған жоқпын, «Мүтидің еңбекқор баласы бар екен» деп естіп, ферма бастығы, бригадир үйге іздеп келіп, анамнан сұрап алып кететін. Бірақ кейбір барған жерлерімде адамдардың теріс әрекеттерін, «жетім ғой» деген ойда пайдаланғысы келгенін байқадым. Содан ала құмның ортасындағы үйіме күн демей, түн демей, жаяулап кетіп қалып жүрдім. Мен қашқанда жұмыстың қиындығынан қашқаным жоқ, Отанын қорғау жолында соғыста қаза тапқан батырдың баласын ауылда тайраңдап жүрген бұлар неге төмендетуге тиіс деп намысқа шабатынмын, кеудемді бастырғым келмеді.
«Құдықшылық - өнер»
Жайылымың шүйгін, от болғанымен малыңның ішетін суы тұщы, мол болмаса, мал дұрыс қоңданбайды. Қоңды мал ғана егізден қозы береді. Сондықтан мен көктемде құмға жайлауға көшерде малдың құдығының жайын ойлайтынмын. Құмның құты – құдық, ал, құдықшылық - ертеден келе жатқан өнер. Жерасты су көзін құм шағылға, жердің реңіне қарап және ол жердің ертеде суын пайдаланған ба, оны да зерттеп біліп қазу керек құдықты. Кітапта да жазылғандай, әсіресе, Маңғыстау өңірінде судың көзін тауып, құдық қазумен айналысқан небір шеберлер болған. Әртүрлі заттармен шегенделген ондай құдықтар ұзақ уақыт сақталған. Мен құмдағы құдығымды өзім қазатынмын. Ескіден қалған тас құдықтардың да көзін аршып, жанынан жаңа құдық қазып, екеуінің суын тұрбамен жерасты қосып пайдаланған кезім де болды, бір-бірін сумен толықтырып тұрады. Қазір құмдағы шаруагерлер судан таршылық көріп жүр. Бұл іске дұрыстап мән берсе, амалын табуға болады деп ойлаймын.
«Айналайынды неге айтпайын...»
«Жігіт жасы – жиырма бесте» Жайық бойының балықшысының қызын алдым. Анам: «Қыздардың тәуірінен таңдап, келінімді өзім табамын» дейтін, соны жасады. Мұхсина өмірлік сенімді серігім, отбасымның берекесі болды. Мал баққан мазасыз шопанның әйелі он баланы өмірге әкелді. Бәрі дін аман. Оған қоса, қой өсіруші «Жігер» комсомол-жастар бригадасының жетекшісі болған 16 жылда жұмысқа мектеп бітірген елу-алпыс жас келді, солардың ішіндегі қыздарды да қоса бақты. Бақты дейтінім – бір-бір үйдің еркесі, шопан өміріне үйрену оңай ма? Қыздар анасындай көретін, әлі күнге хабарласып, сәлем беріп келіп те кетеді. Сондай кемпірімді қалай айналайын демейін.
«Еңбек пен адамгершілік бірге»
Еңбек ету осы екен деп, соның артында салпаңдап жүре беруге болмайды. Үйіңе қонақ келгенде «шаруам қалып барады» не «әйелім ауырып жүр еді» деп теріс айналсаң, кісілігің қайда? Атадан балаға жалғасқан қонақ күту әдебі мен дәстүрлерін сақтау – парызымыз. Пайғамбарымыз бір өсиетінде: «Кім өзінің қонағына сый – құрмет көрсететін болса, жетпіс пайғамбарға құрмет көрсеткендей болады» дейді. Орталықтан алыстау тұрған малшы болсақ та, төрімізден қонақ арылмады, талай марқасқа азаматтар дастарханнан дәм татты. Ал адамгершілік тек қонақ күтумен шектелмейді, айналаңа жұғымды болу, көмегіңді тигізу, ар – ұятты сақтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасау, қанағатшылдық, көркем мінез, біреудің көңілін қалдырмау, әділдік, т.б. бойыңдағы қырларыңмен көрінеді. Жақсы еңбек істеумен адамгершілік деген асыл қасиетті бірге ұстанғанда ғана толыққанды адам боласың.
***
Қазақстанның құрметті журналисі Исатай Балмағамбетов жүргізген сол кездесуде кітаптан оқып-біліп, кейін жүзбе-жүз әңгімелерін тыңдаған кездесуге қатысушылар анау Орпада туып, атакәсіпті жалғастырған, қиындықпен өткен өмірінің, қоғамға жасаған ерен еңбегінің куәсіндей омырауында орден-медальдары жарқыраған Жұмабай Мүтиев туралы «Е, бұл кісі ауылдың аңыз адамы болды ғой» деген ойда тарасты.
Иә, Жұмекең ақсақалдың жасқа да, жасамысқа да үлгі боларлық қыры аз емес...
Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі