Ауылға серпін сыйлаған Нұрғуаттың бастамасы

 

Ауыл – әр адамның түп тамыры, қалыптасқан ортасы, жүрегіне жақын қасиетті мекені. Бірақ уақыт өте заманның сұранысы өзгеріп, жастар үшін өз әлеуетін ашатын, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беретін орындар азайып келеді. Көпшілігі бос уақытын мағынасыз өткізіп, телефоннан әрі аса алмай жатады. Осындай жағдайда туған жеріне бейжай қарамай, жаңа тыныс әкелгісі келген жастардың әр ісі – үлкен жауапкершілік пен шынайы патриотизмнің белгісі. Сол жастардың бірі – Нұрғуат Бердібекұлы. 

Алматыдағы Нархоз университетін тәмамдап, мегаполисте мансап жасаудың мүмкіндігі бола тұра, ол туған ауылына оралуға бекінді. Өйткені, елге қызмет ету үшін үлкен қалада қалу міндет емес екенін ол терең түсінді. Нағыз өзгеріс – өз тамырыңда, өз ауылыңда басталғанда ғана шынайы нәтиже береді. Ол ауылдағы шығармашылық орта мен жастардың еркін бас қосатын алаңының жоқтығын көріп, қалалық форматты ауылға бейімдеді. Нәтижесінде – ауылдағы алғашқы антикафе дүниеге келді. Бұл тек кофе ішетін орын емес, ой бөлісетін, жаңа идеялар туатын, интеллектуалды бәсекелестік қалыптасатын, жастардың өзіне сенім артатын кеңістікке айналды.

– Қалада мүмкіндік көп. Иә, рас. Бірақ мүмкіндік дайын тұрған жерге бару – әркімнің қолынан келеді. Ал ауылда жаңа орта қалыптастыру, жастарға жол ашу, бәсекелестік туғызу – нағыз сынақ. Мен туған жеріме оралғанда, ауылды өзгерту үшін алдымен өзім өзгеруім керегін түсіндім. Ауылға жан бітіру – бүгінгінің патриотизмі. Қолымнан келген істі қаладан емес, өз ауылымнан бастағым келді. Өйткені туған жерге жасаған әр қадам – елге жасалған қызмет. Жастарға жай ғана орын емес, ойланатын, дамитын, армандайтын кеңістік керек. Сол кеңістікті жасауды өз міндетім деп санаймын. Егер әр жас туған жеріне бір мүмкіндік әкелсе, ауыл ешқашан артта қалмайды,-дейді Нұрғуат.

Антикафеде интеллектуалды ойындар, шағын спорттық турнирлер, әдеби-шығармашылық басқосулар өтеді. Алғашында ауыл тұрғындарының біразы бұл бастаманы түсінбей, күмәнмен қарағанымен, уақыт өте оның маңызын сезінді. Қазір бұл орталық жастардың жаңа идеялар мен жоспарларын талқылайтын, өзін дамытатын ортасына айналды. Нұрғуаттың бұл бастамасы – ауылда да бәсекелестік, жаңа мәдениет, жаңашыл ой қалыптастыруға болатынын дәлелдеген қадам. Ол қаладағы дайын мүмкіндікті пайдалану оңай екенін, ал ауылға жаңашылдық әкелу – ерлікке пара-пар екенін түсінеді.

Сондықтан оның мақсаты – жастарға мүмкіндік сыйлау, ауылды тірілту, жаңа буынның туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру. Мұндай жобалар ауыл өмірін жандандырып қана қоймайды, жас-тарды еңбектенуге, ізденуге және туған жеріне үлес қосуға ынталандырады. Қалада қалып қанағат табуға болатын еді, бірақ Нұрғуат сияқты азаматтардың таңдауы – ауылды жаңғырту. Бұл – нағыз патриотизм.

 

Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT