Игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауылшаруашылық жерлерін мемлекет меншігіне қайта қайтарып, оларды әділ әрі ашық түрде қайта бөлу – бүгінгі күннің аса өзекті міндеттерінің бірі. Жер – елдің басты стратегиялық байлығы, экономикалық және әлеуметтік дамудың негізі. Сондықтан оның иесіз қалуы немесе мақсатсыз пайдаланылуы ұлттық мүддеге қайшы келеді. Әрбір гектар жер нақты өнім беріп, халықтың тұрмысын жақсартуға қызмет етуі тиіс.
Жер тек оның қадірін білетін, еңбек етіп, тиімді пайдалануға дайын азаматтарға берілуі қажет. Мұндай адамдар жерді тек табыс көзі ретінде ғана емес, келер ұрпаққа аманат ретінде қарайды. Егер жер иелері өз міндеттерін орындамаса, яғни жерді игермей бос қалдырса немесе заң талаптарын бұзса, ондай жерлерді қайтарып алу – әділетті әрі қажетті қадам. Бұл шара жауапкершілікті арттырып, жерге деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді.
Игерілмеген жерлерді қайта айналымға енгізу ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Ауыл шаруашылығының дамуы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттырады.
Қорыта айтқанда, ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, игерілмей жатқан және заңсыз алынған жерлерді қайтарып, оларды лайықты азаматтарға беру – елдің тұрақты дамуына, экономикалық өсіміне және ауылдың өркендеуіне тікелей әсер ететін маңызды қадам. Бұл саясат табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланып, болашақ ұрпаққа берік әрі дамыған мемлекет қалдыруға негіз болады.
Ерболат МАХАШОВ,
Аққыстау ауылдық округінің әкімі


