Ауылына оралған ақ желеңді азамат

 

Қазіргі таңда елімізде пульмонолог мамандарының тапшылығы айқын сезіледі. Әсіресе шалғай ауылдар мен өңірлерде бұл бағыттағы білікті мамандар жетіспей отыр. Ауданымызда да жағдай осыған ұқсас – жергілікті дәрігер мамандардың қатары аз. Өзге өңірлерден келетін мамандар уақытша қызмет атқарғанымен, ұзақ тұрақтай бермейді. Осындай кезеңде туған жерін түлетуді мақсат еткен жанның бірі – Жанбай ауылының тумасы, сонымен қатар Жанбай дәрігерлік ауруханасы мен  Нарын ауылдық округінің учаскелік аға дәрігері әрі аудандық орталық аурухананың пульмонолог маманы Бекет Нухы – бүгінде сұранысқа ие пульмонолог дәрігер. 

Ол 9 жылдан астам уақыт бойы елордадағы жоғары оқу орындарында білім алып, тәжірибесін жетілдіргеннен кейін, туған ауылына оралып, ел игілігі үшін еңбек етуді таңдады. Бүгінгі күні жастардың көбі жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, қалада қалып қоятындары жасырын емес. Ал біздің кейіпкеріміз бұл қалыптан шығып, өз ауылына оралып, жерлестерінің саулығына қызмет етуде. Халықтың алғысына бөленіп жүрген оның еңбегі – туған жерге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. 

 

 


– Біздің оқырмандарға алдымен өзіңіз туралы таныстырып өтсеңіз? Жалпы осы медицина саласына қалай келдіңіз?

– Қарт Каспий теңізінің жағалауы-на жиектей орналасқан  Жанбай ауылында 1998 жылы  дүниеге келгенмін. Алғашқы білімімді Х.Наубетов атындағы орта мектептен алып, кейін Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жалғастырдым. Осы мектептің алғашқы түлегімін. Мектеп кезінде биология пәніне ерекше қызығушылығым болды. Адам ағзасы, жан-жануарлардың дене құрылымы мен тірек-қимыл жүйесін зерттеу маған өте қызық еді. Сол қызығушылық мені дәрігерлікке жетеледі. Мектеп бітірген соң Астана медициналық университетіне түсіп, жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығын жеті жыл бойы оқыдым. Кейін резидентураға қабылданып, ересектер және балалар пульмонологі мамандығын меңгердім. Оқу барысында Президенттік ауруханада, көпбейінді және инфекциялық емханаларда тәжірибе жинадым. Осылайша, медицина саласында бірнеше жыл бойы еңбек етіп келемін. Қазір Жанбай мен Нарын ауылдық округінде учаскелік аға дәрігері қызметін атқарамын. Сонымен қатар Исатай аудандық орталық ауруханасында пульмонолог дәрігер ретінде де қабылдау өткізіп, кеңес бере аламын. Бұл мамандық мен үшін жай қызмет емес, өмірлік миссиям деп білемін. Резидентураны аяқтаған соң түрлі қалалардан жұмыс ұсынысы түсті. Тіпті Жезқазған қаласына барып қызмет етуді де ойладым. Бірақ ата-анам «еліңе орал, халқыңа қызмет ет» деп қолқа салды. Қазақта «Ата-анаңды тірісінде қадірле» дейді ғой. Сол сөз менің шешіміме әсер етті. Ата-анамның тілеуін жерге тастамадым. Бүгінде туған өлкемде еңбек етіп жүргеніме қуанамын.

 

 

Жалғасы газеттің №43 (4256) санында

 

Сағыныш ҚАЙЫР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT