Су – тіршіліктің негізі, ал оны халыққа үздіксіз әрі сапалы жеткізу – үлкен жауапкершілікті талап ететін жүйелі жұмыс. Осы орайда Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңы мен қолданыстағы тариф қалыптастыру қағидаларына сәйкес, 2025 жылғы 1 маусымнан бастап аудан аумағында ауыз су тарату және сарқынды суларды бұру қызметтеріне жаңа тарифтер бекітілген болатын. Бұл шешім ең алдымен коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Ауданға қарасты елді мекендер географиялық тұрғыдан бір-бірінен алшақ орналасқан, ал су желілерінің тозу деңгейі мен пайдалану шығындары әр ауылда әртүрлі. Осыны ескере отырып, тарифтер елді мекендер тобы бойынша нақтыланды. Мәселен, Аққыстау, Хамит Ерғалиев, Тұщықұдық ауылдары мен Томан және Өркен елді мекендерінде суды таратушы желілер арқылы беру қызметінің орташа босату тарифі 202,28 теңге/м³ деңгейінде белгіленді.
Оның ішінде жеке тұлғалар үшін тариф – 187,90 теңге/м³, ал өзге заңды тұлғалар үшін – 249,82 теңге/м³ (қосылған құн салығын есепке алмағанда). Ал Жанбай, Зинеден, Нарын, Исатай ауылдары мен Қызыл үй елді мекенінде ауыз су қызметіне орташа босату тарифі 245,66 теңге/м³ болып бекітілді. Бұл аумақта жеке тұлғалар үшін тариф – 229,30 теңге/м³, ал заңды тұлғалар үшін – 311,42 теңге/м³. Мұндай айырмашылық әр аумақтың нақты шығыны мен техникалық ерекшелігін ескерудің нәтижесі екенін атап өткен жөн. Айта кету керек, тарифтердің құрылымында халықтың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалған жоқ. Жеке тұлғалар үшін тариф заңды тұлғалармен салыстырғанда төмен деңгейде белгіленді. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдаудың бір көрінісі. Сонымен қатар Исатай ауданы бойынша сарқынды суларды бұру қызметіне орташа босату тарифі 134,89 теңге/м³ көлемінде бекітілді. Оның ішінде жеке тұлғалар үшін – 97,97 теңге/м³, ал өзге заңды тұлғалар үшін – 160,33 теңге/м³ (ҚҚС-сыз).
Жаңа тарифтер – өздігінен мақсат емес, ол сапалы қызметке апарар құрал. Тарифтік сметаларда су құбырларын жөндеу, апаттардың алдын алу, электр энергиясы шығындары, қызметкерлердің еңбекақысы және өндірістік қажеттіліктер толық қамтылған. Бұл, өз кезегінде, тұтынушыларға көрсетілетін қызметтің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз – тұрғындарды таза ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету және сарқынды суларды қауіпсіз түрде бұру. Осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады. Ал қабылданған тарифтік шешімдер ауданның коммуналдық шаруашылығын дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және болашақта қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге негіз болады деп сенеміз.
Артур КИБАШЕВ,
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК Исатай ауданы бойынша бөлім басшысы


